Бүгін Шерзат Полат ісіне күдікті деп танылғандар да жарыссөзде сөйледі.
Фото: Жоғарғы сот
ERNUR.KZ. Сотта айыпталушы Шыңғыс Белғожаев жәбірленушілердің сұраған моральдық шығынының мөлшері тым көп екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Ол сот отырысында оқиғаның басталуына себепші болған жайттарды, адамдарды атады.
– Біз ешқандай да қылмыстық топ емеспіз. Ондай топ құрып, қасақана төбелесеміз деген де ойымыз да, ниетіміз де болмаған. Мұндай оқиға болады деп ойлаған жоқпыз.
Біріншіден, Шерзат Полат Дархан Әскентайды ұрмағанда, екіншіден Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ алып, қайта-қайта атылмағанда, үшіншіден, Шерзат Полат Нұрқияс Ілиясовты бірінші болып ұрмағанда, төртіншіден, Нұрқанат Ғайыпбаев мылтықты алып келмегенде, атпағанда мұндай жағдай болмас еді деп айта аламын, – деді ол.
Сонымен қатар, сотталушы жарыссөзде Шерзат Полаттың өлімі жайлы айтып өтті. Оның сөзінше, араларында жазықсыз отырғандар да бар.
– Бұл өмірде ешкім мәңгі емес. Бәріміздің баратын жеріміз – бір. Ажалы келген адам ерте емес не кеш емес, тура келген уақытында қайтады. Қамшының сабындай қысқа мына жалған өмірде барлығы қош айтысады. Осы қайғылы оқиғаға біз себепкер болып отырмыз. "Ер жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді, жақсы ат баспаймын деген жерін үш басады" дейді. Сол сияқты, біздің оқиға аяқ асты, ойламаған жерден болды. 17 жастағы Думан Ысқақ қазіргі уақытта біздің арамызда еш жазықсыз қамалып отыр. Және Қалиахмет Дидарды осы оқиғаға дейін мүлдем танымадым, – деді Ш.Белғожаев.
Күдікті жәбірленуші тараптың сұрап отырған 660 миллион теңгесін төлеуге ешкімнің шамасы келмейтінін жеткізді. Сөз арасында байдың баласы емес, қарапайым ауыл баласы екендіктерін айтты.
– Мұндай мөлшердегі сомманы осы жерде отырған 9 адам өмір бақи бұл Қазақстанда жұмыс істесек те, таба алмаймыз. Сондықтан, оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраймыз, – деп сөзін қорытындылады ол.