"Есіктің алдында боламыз": аударылған көлікте болған оқушылар Шалқардан Ақтөбеге жеткізілді

0
738

Шалқар ауданында аударылған көліктің кімге тиесілі екені анықталды.


ERNUR.KZ. Бұл туралы Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағамбетов брифинг кезінде айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Ланд Крузер балалардың бірінің әкесіне тиесілі. Ол көлікті алып кеткенін білмеген. Қазір жалпы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 тармағы бойынша іс қозғадық. Ата-анасына қатысты, баласына қатысты шара қолданыла ма, оның барлығы анықталады. Жылдамдық мәселесі де солай. Асырды ма, жоқ па оны сараптама қортындысынан соң айтамыз. Көлік ұшып кетіп, жолдың жиегіне аударылып түскен", - деді Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағамбетов.

Облыстық білім басқармасындағылардың айтуынша, оқушылар үйдегілерге "есік алдында боламыз" деп шыққан. Бәрі де – Шалқар қаласындағы №8 мектепте 9 сыныпта оқыған.

Естеріңізге салсақ, 4-наурыз күні Шалқар ауданында көлік аударылып, бір жасөспірім оқиға орнында қаза болды. Көлікті кәмелеттік жасқа толмаған оқушы басқарған.

Көлікте болған 15 жастағы екі ер бала жамбас, жіліншік сүйектері сынып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тағы бір оқушы амбулаториялық ем алған. Ал күні кеше аударылған джипте болған екінші оқушы ес жимастан аудандық ауруханада қайтыс болды.