Есірткіге тәуелді 17 мың адам диспансерлік есепте тұр

0
173

Премьер-министр нашақорлықты тудыратын препараттардың дәріханалық қозғалысын бақылауды күшейтуді тапсырды.


Есірткіге тәуелді 17 мың адам диспансерлік есепте тұр

фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда жарты жылда 6,4 тонна есірткі тәркілененіп, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталған, деп жазады sputnik.kz.
474 есірткі қылмыскері, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшілері ұсталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған, оның үшеуі трансұлттық деңгейдегі топтар.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр.
"Соңғы бес жылда опиоидқа тәуелділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді боп қалған пациенттер саны артты', - деді министр.
Былтырғы жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау енгізілген. Онымен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылған.
Премьер-министр құқық қорғау органдарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын айтып, алдын алу бойынша бірнеше тапсырма берді:
есірткі сайттары мен соған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру;
есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтау;
нашақорлықты тудыратын препараттардың дәріханалық қозғалысын бақылауды күшейту;
кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықты анықтау және емдеу жұмысын жандандыруды тапсырды.