Ескертусіз кварц қосқан медбикелер жазаланды

0
885

Науқастардың көзі күйіп қалған.


Ескертусіз кварц қосқан медбикелер жазаланды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында науқастар жатқан палатаға ескертусіз кварц қосып кеткені үшін медицина қызметкерлері жауапқа тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске салсақ, 26 қыркүйек күні әлеуметтік желіде Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасының инфекция бөлімінде түсірілген видео тарады. Онда науқас бала мен оның әпкесі жатқан палатаға ескертусіз кварц қосылғандығы, 45 минуттан кейін олар көздеріне шағымдана бастағаны айтылған. Және ауаны залалсыздандыратын құрылғыны медбикелердің нұсқауымен тазалыққа жауапты кіші медбике қосқандығы атап өтіледі. Екі медбикенің өз кінәларын мойындап отырғаны да түсірілген.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, бұл дерек бойынша аурухана басшысы М.Сарыевтің төрағалығымен отырыс өткен.

«Нәтижесінде, өз жұмысына немқұрайлы қарағаны үшін инфекция бөлімінің меңгерушісі А.Табынбаеваға - «ескерту», аға медбике И.Такеноваға «сөгіс» жарияланды. Медбике А.Кушенова және кіші медбике М.Жайтанова өз еркімен жұмыстарынан босатылды. Қазіргі уақытта науқастар үйлеріне қайтып, барлық дәрі-дәрмектерін алды. Науқастың үйіне аурухана басшысының орынбасары Р.Жаппарова барды. Ол баланы және оның әпкесін қарап, өз бақылауына алды», - деді ведомстводан.