Еттен кейін шай ішуге болмайды – тағамтанушы себебін түсіндірді

0
1 643

"Бұл – үлкен қателік".


Еттен кейін шай ішуге болмайды – тағамтанушы себебін түсіндірді

ERNUR.KZ. Ет жеген соң, бірден шай ішуге болмайды. Өйткені шайдың құрамындағы танин заты еттің құрамындағы темірді «ерітіп» жібереді, еттің пайдасы азайып кетеді. Бұл туралы тағамтанушы, Қазақ тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері, медицина ғылымының кандидаты Майгүл Қайнарбаев айтты, деп жазады qadam.asia.

Қазақтың ет тағамы (бешбармақ, ет асу, қамыр-ауқат) адам ағзасына өте пайдалы. Өйткені халқымыз етті қуырып емес, асып жейді. Ал етті дайындаудың ең дұрыс жолы – бұл қуыру емес, асу, буға пісіріп жеу.
Бірақ етті жеуде қазақтың жіберетін бір қателігі бар. Ол – еттен кейін немесе етпен бірге шай ішу. Тағамтанушының айтуынша, бұл – үлкен қателік.



«Халқымыз бұрында еттен кейін қымыз ішкен. Ал қымыз – тағамды қорытатын нағыз катализатор. Күрделі тағамды тез ыдыратады. Ал қазір біз шай ішетін болдық. Еттен кейін бірден шай ішуге болмайды. Өйткені шай құрамындағы кофеин мен танин еттің ең пайдалы элементі – темірді ыдыратып жібереді. Шай ішпеу керек деп айтпаймын. Ішу керек. Бірақ ет жеген соң, 40 минут не 1 сағаттан кейін ішкен жөн. Оған дейін тағам сіңіп үлгереді», — деп түсіндіреді Майгүл Қайнарбаева.

Тағамтанушының айтуынша, қазір Қазақстанда темір жетіспеушілігінен зардап шегетіндер көп. Әсіресе, әйелдердің көбінің (аяғы ауыр әйелдердің жартысы) ағзасына темір жетпейтін көрінеді.
Етті көп жейтін халықтың темірден зардап шегуі «парадокс». Мұның себебі – жоғарыда айтылған дүниелер.

«Халқымыз кейде шайды қою қылып, сүтпен ішеді. Сүттің құрамындағы кальцинат да темірді «ерітіп» жібереді. Тамақ сіңген соң барып, шай ішудің маңызы осында», — дейді маман.

Қазақстан жұртының етті шаймен ішудің дұрыс емесін шетелдік мамандар да мойындайды. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйновичтің айтуынша, қазақ халқының арасында анемияның тарауына да шайды дұрыс ішпеуі себеп.

«Бізге анемиямен күресу керек. Еттен кейін шай ішпеңіздер, өтініш. Шайды тек бір сағаттан кейін ғана ішіңіздер. Темір жетіспеушілігімен күресудің бұдан басқа амалы жоқ бізде», — дейді ол.