Қазынаның қаржысын мақсатсыз пайдаланғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында фермерлер бюджеттен бөлінген қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсап келген, деп жазады Atameken Business.
Нақтырақ айтсақ, үш азамат асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға 97 миллион теңге көлемінде мемлекеттік несие алған. Алайда ол ақшаны өз қарыздарын жабуға жұмсағаны белгілі болды. Осылайша, қазынаның қаржысын мақсатсыз пайдаланғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметіне сүйенсек, істі болғандардың арасында ең көп сома – 52,4 млн теңгені «Сүт» шаруа қожалығының басшысы алған. Екінші фермер «Сыбаға» бағдарламасы аясында «ҚазАгро» арқылы 39 млн теңгеден астам қаржы алған. Үшінші кәсіпкер болса «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5,8 млн теңге алған.
«Біздің департамент жеке кәсіпкерлердің мемлекет бюджетінен бөлінген несие қаражатын мақсатсыз пайдаланған 3 фактіні анықтады. Кредиттер асыл тұқымды ірі қара малдар мен тұқымдық бұқалар және жем-шөп сатып алуға бөлінген. Алайда, бұл қаражат шаруа қожалықтарының жеке қажеттіліктеріне жұмсалған», – дейді Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Әділ Капенов.