Google компаниясы Қазақстан аумағынан кеңсесін ашуы мүмкін

0
92

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Google компаниясының Израиль, Түркия, Орталық Азия мен Кавказдағы мемлекеттік саясат мәселелері және мемлекеттік органдармен өзара байланыс бойынша өңірлік директоры Ноа Лоффлермен кездесті.


Google компаниясы Қазақстан аумағынан кеңсесін ашуы мүмкін

Фото: Depositphotos

ERNUR.KZ. Кездесу барысында тараптар өзара байланыстың басым бағыттарын талқылаған. Аида Балаева министрлік адами құндылықтарды насихаттап, халықтың цифрлық және құқықтық сауатын арттыратын, сондай-ақ балалардың онлайн ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударатынын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Отырыста Google компаниясының Қазақстандағы ресми өкілін бекіту мәселесі де қаралды.

Кездесу барысында контентті модерациялау мәселелері де талқыланып, Аида Балаева қолданыстағы тетіктер аса тиімді емес екенін жеткізгені хабарланды. Осыған байланысты Google командасының Астанаға сапары аясында ҚР МАМ мен оған бағынысты ұйымдар қызметкерлеріне заңсыз контентті жою бойынша воркшоп ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстанда Google компаниясының ресми кеңсесін ашу перспективалары талқыланды.

"Google-мен ынтымақтастық Қазақстандағы цифрлық мәдениет пен қауіпсіздіктің дамуына ғана емес, сондай-ақ технология саласындағы халықаралық диалогты нығайтуға да ықпал етеді деп санаймыз. Қазақстан ашық әрі жүйелі өзара байланысқа дайын", – деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Министрлік компания Қазақстанды экономикасы мен қолайлы инвестициялық ортасы бар, қарқынды дамып келе жатқан өңірлік көшбасшы ел ретінде қарастыратынын атап өтті.