2 есірткі зертханасы жойылды.
ERNUR.KZ. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері қарашаның басынан бері 160 есірткі қылмыскері ұсталды, 2 есірткі зертханасы таратылды, деп жазады tengrinews.kz.
Синтетикалық есірткі өндіретін екі есірткі зертханасы жойылды. Келіп түскен ақпарат бойынша жедел қызметкерлер Алматы қаласында Жамбыл облысының екі тұрғынын ұстады, олардың автокөлігінің салонында 152 келі гашиш табылып, тәркіленді. Алматы полицейлері қаланың 24 жастағы тұрғынын ұстады, оның көлігінде жасырып сатуға дайындалған 1,2 келі психотроптық зат мефедрон табылған.
Семейлік полицейлер интернет-дүкеннің есірткі жасырушысы болып жұмыс істейтін Павлодар облысының екі тұрғынын құрықтады. Олардан бір келі "а-PVP" психотроптық заты тәркіленген. Есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Алматы тұрғыны ұсталған. Тінту барысында оның жалдамалы пәтерінен есірткі жасау үшін пайдаланылатын жабдықтар, екі шыны колба, канистр және 1,5 келі мефедрон табылып, тәркіленген.
16 қарашада Алматы облысы Ұзынағаш кентінде полиция қызметкерлері есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Алматы қаласының екі тұрғынын ұстады. Үйдің аумағында орналасқан контейнерді тінту барысында үш тоннадан астам прекурсор, электрондық таразылар, реактор, шыны колбалар және 30 келі дайын мефедрон психотроптық заты тәркіленді.
"Қарашадан бастап ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 208 келі түрлі есірткі заттарын тәркіледі", – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.