Нақты белгіленген тұрғылықты мекенжайы жоқ, елдімекендерден тыс шалғай жерлер мен шаруа қожалықтарында тұратын, құқықтық сауаттылықтың төмендігіне және денсаулық жағдайына байланысты құжат рәсімдеуге өз бетінше жүгінуге мүмкіндігі жоқ адамдар жатады.
Сурет:aqtobegazeti.kz
ERNUR.KZ. Азаматтардың заң аясынан тыс көші-қонын жүзеге асыратын арналарды анықтау бағытында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Қылмыстық және террористік іс-әрекеттермен айналысатын күдіктілердің ел территориясына кірмеуін қадағалау – мекеменің басты мақсаттарының бірі.
Қазан айының алғашқы екі аптасында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар деген айыппен бірнеше қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Атап айтар болсақ, ел шекарасын шаңсыз кесіп өту немесе көмектесу, жалған құжат жасау және қолдану, өзге ел азаматтарына уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттарды рәсімдеу сынды қылмыстық құрылымдар.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің қызметкері Қуандық Алпыс Жамбыл облысында таулы өңір арқылы шекараны кесіп өтуді ұйымдастырған жергілікті тұрғын ұсталғанын мәлімдеді. Айыпты жұмыс істеу мақсатында Еуропа елдеріне барғысы келетін алыс шет елдердің азаматтарына заңсыз көші-қон әрекеттерін жүзеге асыруға көмектескен.
Заңсыз көші-қонға қатысты тағы бір қылмыстық факт Атырау облысында тіркелген. Облыс территориясында үш шетелдік азамат жалған құжат жасаумен айналысып, Қазақстан аумағында тағы да басқа шетелдіктерді тіркеумен айналысқаны белгілі болды.
Ел ордасы Астана қаласында да осыған ұқсас қылмыстық топ құрылымы әшкере болды. Заңсыз келген еңбек мигранттарына жалған құжат жасап, заңсыз рәсімдеуге қатысы бар деген күдікпен бес жергілікті тұрғын ұсталған. Қазіргі уақытта дәлелдер мен дәйектерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айрылу жазасы тағайындалуы ықтимал, оған қоса мүліктері тәркілеуге алынады. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.
СҚО-да 2024 жылда 45 тұрғын азаматтық туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша жауапқа тартылды. Олардың 23-і азаматтығын жоғалтқан, сөйте тұра, мерзімі өткен ескі құжаттарын пайдалануды жалғастырған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көрсетілген жарлыққа сәйкес ірі көлемде айыппұл салынды.
22 адам өзге мемлекеттің азаматтығын ала отырып, бұл туралы тиісті орындарды ақпараттандырмаған. Бекітілген тәртіп бойынша 30 күн ішінде хабарлауы тиіс. Олай етпеген жағдайда бұл әрекет үшін үлкен көлемде айыппұл төлеуден бастап, Қазақстан аумағынан мәжбүрлеп шығарып жіберуге дейінгі қатаң жауапкершілік қарастырылған.
Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері азаматтығын ауыстыруды шешкен немесе құжат жүзінде азаматтығынан айрылған адамдарға барлық мәселелері бойынша кеңес алуды және осы процестің жүктеген міндеттерін назардан тыс қалдырмауды ескертеді.
Айта кетейік, биыл белгілі бір құқықтық мәртебесі жоқ, жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген адамдарды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша науқандық жұмыс шілде айынан басталған болатын. Асылында бұл топқа нақты белгіленген тұрғылықты мекенжайы жоқ, елдімекендерден тыс шалғай жерлер мен шаруа қожалықтарында тұратын, құқықтық сауаттылықтың төмендігіне және денсаулық жағдайына байланысты құжат рәсімдеуге өз бетінше жүгінуге мүмкіндігі жоқ адамдар жатады.
Науқандық шара жыл соңына дейін жалғасады. ІІМ Көші-қон қызметі комитеті мен оның аумақтық бөліністері БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасымен және бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асыруда.
Қазан айының басында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, науқан барысында республика бойынша ресми құжаттары жасалмаған 404 адам белгілі болған. 200-і Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 14-і азаматтығы жоқ адамдар. Қалғандарының құқықтық мәртебесі тексерілу үстінде.
ІІМ Көші-қон қызметі комитеті жалпақ жұртшылықты науқанға атсалысуға шақырды. Азаматтарға құқықтық қызмет көрсету мақсатында әрбір аймақта жауапты қызметкер тағайындалған. Егер құжаттары жоқ адам жайлы ақпарат білетіндер болса, бұл туралы тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласуды сұрайды. Сонымен қатар қосымша мәлімет алу үшін +7 701 171 82 28, +7 7172 71 40 73 және 71 44 10 нөмірлеріне қоңырау шалып, ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне байланыса алады.
Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, 48 мыңға жуық шетел азаматының көші-қон заңнамасын бұзушылыққа жол беру фактісі тіркеліп, айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Республика шекарасынан мәжбүрлі түрде шығарылған шетел азаматтарының жалпы саны – 6 мыңды құрады. Оларға алдағы бес жыл бойында Қазақстан территориясына кіруге шектеу қойылды.
6,5 мың шетелдіктің ел аумағында болу мерзімі қысқартылып, шекарадан шығуы қамтамасыз етілді.
Екі мың жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны анықталып, бұл заңсыз әрекет үшін айыппұл салынды.
Тұрақты тұратын шетелдіктер арасында екі мың заң бұзушы анықталып, олардың елде тұруға ықтиярхаты күшін жойды.
Б. Мейірханұлы