Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жиналғандардың ішінен бірқатар адам өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған "ДВК" экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігінің өкілдері Қазақстан қалаларындағы митингтерге қатысты пікір білдірді, - деп жазады Tengrinews.kz.
"1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Бас прокуратураның ресми хабарламасына қарамастан, санкцияланбаған митингілер мен тұрғындар жиналды. Акцияға қатысушыларға өздерінің ұстанымдары мен әлеуметтік және басқа да проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілді", - делінген ІІМ хабарламасында.
"Алайда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жиналғандардың ішінен бірқатар адам өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған "ДВК" экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Осыған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін түсіндірді. Жекелеген азаматтар заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарға бағынбады. Содан кейін полиция күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге және тәртіп бұзушыларды ұстау шаралары қабылданды".
ІІМ мәліметінше, елордада және Алматыда полиция бөлімдеріне 80 адам жеткізілді. "Олардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі. Ішкі істер министрлігі азаматтарға арандатушылыққа берілмеуге және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға шақырады", - делінген хабарламада.