2018-2023 жылдар аралығында 200-ден астам бұхар бұғысы әкелінді.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасында реинтродукция бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, яғни бұрын жойылып кеткен түрлердің тарихи мекендеу аймақтарындағы популяцияларын қалпына келтіру бағытында шаралар қабылдануда. Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – экожүйелік байланыстарды нығайту, табиғи кешендердің тұрақтылығын арттыру және биологиялық алуантүрлілікті қамтамасыз ету. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ брифингінде жолбарыстарды жерсіндіру процесі жайында ақпар берді.
«2018 жылы жалпы аумағы 415,2 мың гектарды құрайтын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Мұнда тоғайлы ормандарды қалпына келтіру және аумақты қорғау мен бақылау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілді. Жолбарыстың қоректік базасын қалпына келтіру үшін бұхар бұғысы мен құланға арналған вольерлер салынды», – деді спикер.
2018-2023 жылдар аралығында 200-ден астам бұхар бұғысы әкелінді. Алғашқы жіберілген сәттен бастап бұғыларға спутниктік қондырғылар тағылып, олардың таралу аймағын бақылауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап резерват аумағына шамамен 120-ға жуық құлан көшіріліп, олар табиғи ортаға сәтті бейімделді.
Жылу жүйесімен жабдықталған бақылау орталығы құрылды. 3,5 гектар аумақта жолбарыстарға және қабандарға арналған вольерлер, сондай-ақ қажетті жабдықтармен қамтылған ветеринариялық пункт салынды. Нидерландтағы Hoenderdaell хайуанаттар бағынан «Іле-Балқаш» резерватына екі жолбарыс жеткізілді. Қазір жолбарыстар резерват аумағындағы вольерде мамандардың күнделікті бақылауында ұсталып отыр. Ұрпақ алғаннан кейін жолбарыстарды табиғи ортаға шығару жоспарланған. Ал ата-аналық жұп ғылыми және ағартушылық мақсаттарда визит-орталық жанындағы вольерде қалады.
Қарой ауылында жолбарысты бақылайтын топқа арналған орталық салынды. Топ қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді: көлік, спутниктік байланыс, рациялар, GPS, түнгі көру құрылғылары, жарық және дыбыс құралдары.
Айта кетерлігі, отандық мамандар өз біліктілігін арттыру үшін көрші Ресей еліне бармақ. Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, келер жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарыс әкелінеді.


