Инсульттан көз жұмған жігіттің органдары 5 адамның өмірін құтқарды - трансплантолог

0
918

Қайтыс болған жігіттің өкпесі, жүрегі, бауыры, 2 бүйрегі алынған.


Инсульттан көз жұмған жігіттің органдары 5 адамның өмірін құтқарды - трансплантолог

ERNUR.KZ. Қазақстанда инсульттан қайтыс болған ер адамның дене мүшелері 5 адамға сәтті ауыстырылды. Ота Қазақстанның бірнеше хирургиялық орталығында жасалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Донордың бауыры А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығына жеткізілді.

«Ота дүйсенбі күні жасалды. Түскі 13:00 шамасында бауыр Павлодардан жеткізілді. Яғни, мен бауырды 15:00 шамасында ауыстырдым. Бұл өте күрделі орган болғандықтан, операция 6 сағатқа созылды. Орган 38 жастағы бауыр циррозына шалдыққан ер адамға салынды. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайын бақылайды. Ағза бөтен органды қабылдамауы да мүмкін», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.

Оның айтуынша, қайтыс болған адамның мүшелерін алу үшін туыстарынан ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіне сәйкес рұқсат алынған.

«Қайтыс болған жігіттен өкпесі, жүрегі, бауыры, 2 бүйрегі алынды. Ол жігіт инсульттан көз жұмған болатын. Трансплантация бірнеше қалада өтті. Бір адамның мүшелері бірнеше адамның өмірін құтқарды», - деді ол.

Оның айтуынша, ота тегін жасалған.

«Қазақстан азаматтарына ота тегін жасалады, ал шетелдіктерге - ақылы. Қазір қалада 500-ге жуық пациент трансплантацияға мұқтаж. Бұл тізім жиі өзгеріп тұрады», - деді ол.

Болатбек Баймаханов отандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жоғары бағалады.

«Біз бірнеше жылдан бері трансплантологиямен айналысып келеміз. Айналасы 6 сағат ішінде органды алып, мұқтаж адамға ауыстырып үлгеру - әлемдік деңгей десе де болады. Мұндай нәтиже Еуропаның кейбір елдері, тіпті АҚШ пен Жапонияда жоқ», - деді маман.

Профессор Қазақстанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында ғана трансплантация жасалатынын айтты. Бүйректі барлық қаланың мамандары ауыстырса, бауырды тек екі қалада, бір қалада жүрек пен өкпені ауыстырады.