ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ: Құны 317 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылады

0
1 600

Біріншіден ғаламдық проблеманы реттесе, екіншіден өндірісін өркендетіп, дамудың даңғыл жолына қадам басуға басымдық беруде.


ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ: Құны 317 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінгі таңдағы әлемдік проблемалардың бірі тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу ісін жандандыру болып отыр. Өйткені осы уақытқа дейін адамзат тұтынған өнімдердің қалдықтары әр жерде тау-тау болып үйіліп жатқан. Сәйкесінше ол қалдықтар экологияға орасан зор зарбадын тиігізіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуға тежеу болып келген. Ендігі кезекті ілгерілеуді көздеген қай мемлекет болмасын қайта өңдеу ісін жолға қойып, біріншіден ғаламдық проблеманы реттесе, екіншіден өндірісін өркендетіп, дамудың даңғыл жолына қадам басуға басымдық беруде. Ол мемлекеттердің ішінде көптеген жыл бойы қалдықтардың көзін құрту жолын іздеп келген Қазақстан да бар. Осы ретте бірнеше күн бұрын өткен Үкімет жиынында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі осы салаға қатысты мәлімдеме жасап, елімізде жалпы құны 317 миллиард теңгені құрайтын жаңа ауқымды жобалар жүзеге асырылатынын айтты. Министрдің сөзіне сүйенсек, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласын жандандыру мемлекеттің 2029 жылға дейінгі даму жоспарының басым бағыттарының бірі болып саналады.


Ведомство басшысының айтуынша Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен 4 миллион 500 мың тонна қалдық жиналады екен. Осы орайда әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларға қайта өңдеу ісі бойынша тапсырма берілген. Алайда, өткен жылы қалдықтың отыз пайызын өңдеу жоспарланғанымен, нақты өңдеу көрсеткіші 26 пайызды ғана құрапты. Қазіргі таңда Қазақстанда жиырма өңір бар болса, соның жетеуі межені орындамаған. Бүгінде бұл проблеманы шешу жолдары да қарастырылып жатыр екен. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, қайта өңдеу ісінің жандануына кедергі болып тұрған фокторлардың бірі – қалдықтар тарифінің тиімсіздігі. Яғни қазіргі осыған дейінгі тариф қайта өңдеуден пайда түсірмек түгілі, шығындарды да өтемеген көрінеді. Сондықтан қазір еліміздегі 200-ден астам қаланың ішіндегі 150-ден астамында тарифті қайта бекіту жұмыыстары жүргізілуде. Аталмыш проблеманы реттеу үшін ұсынылған негізгі тетік – «мемлекеттік-жекешелік әріптестік» жүйесі болып отыр екен. Сәйкесінше, жеке тұлғалар шығынның бір бөлігін утильтөлем қаражатынан алмақ. Әрбір аймақтағы тарифті жергілікті атқарушы орган бекітетін болады. Ал, Заңнамаға енгізілетін өзгерістер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр. Заңнамаға енгізілуі ықтимал түзетілердің қатарында қалдықтардың тарифін ең аз дегенде үш жыл ішінде қайта қарау туралы өзгеріс бар.


Сондай-ақ, министр тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын тұлғаларды ынталандыру үшін «ЕсoQolday» бағдарламасы іске қосылып, 2025 жылы бағдарлама жұмысына 9 миллиард 200 миллион теңге бөлінген атап өтті. Бұл қаржы қайта өңделген қалдық түрлерінің әрбір тоннасы үшін белгіленген сомада төленеді. Одан бөлек, осы қаржы есебінен қайта өңдеу құрылғыларын импорттан әкелетіндерге, қажетті көлік техникаларын жалға алушыларға қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қоса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі қалалар аумағында қалдықты қайта өңдейтін өндіріс орындарын салу тапсырмасына сәйкес, утильалым есебінен жылдық үстеме пайызы азайтылған кредит берілетін болады. Нақтырақ айтқанда, бұл несиенің жылдық үстемесі пайызды құрады, 24 айға дейін «демалысы» болады және он бес жылға дейінгі мерзімге беріледі деп жоспарланған. Дегенмен, «алмақтың да салмағы бар» демекші, 2031 жылға дейін тұрмыстық және коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін кемінде қырық пайызға жеткізу талабы қойылып отыр.


Ведомство басшысы министрліктің жергілікті атқарушы органдар ұсынған жалпы құны 316,9 миллиард теңгені құрайтын алпыс жеті жобаны мақұлдағанын жеткізді. Ол жобалардың43-і қалдықтарды қайта өңдеуге байланысты екен.


Министрдің айтуынша, 67 жобаны ішіндегі жалпы құны 47 миллиард теңгеден асатын тоғызын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мақұлдаса, үш жобаны қаржымен қамту үшін инвесторлармен келісім жасалу үстінде. Құны 40 миллиард теңгеге жуықтайтын тағы он бес жобаға аталған дамыту қоры сараптама жүргізіп жатыр. Қалған 43 жобаны ұсынушылар қаржыландыратын тараптын сын-ескертпелерін пысықтап жатыр екен. Бұл тұрғыда күрмеуі қиын проблемаларды шешу жолдарын қарастыру үшін әрбәр өңірде сала өкілдерінің қатысуымен мәжілістер өткізіліп жатыр және барлық жобаға министрліктің және жергілікті әкімдіктің қызметшілері тағайындалған. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, барлық жобалар жүзеге асқан уақытта қалдықтарды қайта өңдеу көлемі 1 миллиард 100 миллион тоннаға жуықтап, қырық пайыздық меже орындалады екен.


Министр өз сөзінде кейбір өңірлердің кемшіліктерін де атап өтті. Мәселен, Шымкент қаласы мен Абай, Түркістан облыстарында қалдықтарды сұрыптау ісі кенжелеп қалған. Бірақ, аталған өңірлер соған қарамастан ведомствоға жаңа жобалар ұсынбаған. Бұл өңірлерде қолға алынған жобаларды сүйемелдеу ісінде де проблемалар байқалып отыр. Бұдан бөлек,Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында да маңызды құжаттарды кешігіп тапсыру, бөлінген жер учаскелеріне инфрақұрылым желілерін жүргізбеу сынды мәселелер тіркелген. Тіпті, Абай өңірінде жалпы құны 2,6 миллион еуроны құрайтын және жылына жүз мың тонна қалдықты сұрыптайтын кәсіпорын, ал Ақтөбеде құны 1,6 миллион еуроға татитын және бір жылда алпыс миллион тонна қоқысты сұрыптайтын желі әлі күнге дейін жұмысын бастамаған екен.


Министрдің айтуынша, кейбір қалдықтарды полигон аумағына көму де тиімді тетіктердің бірі саналады. Сонымен қатар, қалдықтарды өртеу арқылы электр қуатын өндіру ісін де жандандырған абзал. Еліміздің бірнеше өңірі осы бағыттағы жобаларды іске асыруға әзір отыр екен. Басқа өңірлер де осы мәселені пысықтағаны жөн саналады. Одан бөлек, қоқысты жинаудан қайта өңдеуге дейінгі процесті бақылау ісі тұралап тұрғандықтан, аталған жүйені де цифрландыру қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда тек елордадағы қалдықтарды басқару саласының өкілдері ғана цифрлық жүйелермен жұмыс істеп жатыр екен. Тиісінше, бұл процесс тиімділігін байқатқан. Сондықтан өзге де әкімдіктерге осындай қадамға бару тапсырмасы берілген.


Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әр жыл сайын бір миллиард тоннаға жуық өнеркәсіпті қалдық жиналады. Оның жетпіс пайызы кен және карьер қазудан, 15 пайыздан астамы өңдеуші өнеркәсіптерден қалғаны өзге де бағыттардан шығарылады. Сәйкесінше, әрбір өндіріс орнына қалдықтарды заң шеңберінде реттеу, қалдықтарды белгілі бір мерзім ішінде сақтау сынды талаптар міндеттелген. Ал, талапты орындамағандар жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2022 жылдан бастап һндіріс орындарындағы қалдыққа қатысты 400-ден аса тәртіп бұзушылық ұшін 14 миллиард 300 миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты.


Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес, кәсіпорындар қалдық көлемін азайтуға арналған жоба-жоспар түзуі тиіс. 2025 жылы осы бағытқа байланысты үш бірдей арнайы құжат даярланып жатыр. Олар қалдықтарды термиялық әдіспен жою жіне пайдаға жарату, көму мен қалпына келтіру әдістеріне байланысты болады.


Сондай-ақ, министрлі зерделеу жұмыстары барысында құқықтық база, экономикалық тартымдылық, жұмысты үйлестіру, жария есептілік сынды критерилерге қатысты кемшіліктерді анықтап отыр. Осы орайда ведомство қалдықтарды басқару жүйесіне қатысты тың тұжырымдама даярлайтын болады. Алдағы уақытта қалдықтарды қайта өңдеу саласы жандана түұседі деп сенеміз. Себебі біртұтас жүйе бар жерде істің де жемісті болары айқын.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ