Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылады.
Фото: Александр Павский / Kazinform
ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты, деп жазады inform.kz.
— Қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ. Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Содан кейін ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық көп болады. Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет нағыз археологиялық «ми орталығы» болады, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, аталған қызмет енді қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды. Бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Қай кезеңді, қандай ескерткіштерді зерттеуіміз қажет деген сұрақтарға да жауап беруге қауқарлы.
— Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүрізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі – толық белгісіз. Мемлекетке толық әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыраңқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр, - деді ол.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, осы жүйесіздікті тоқтатылып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесі енгізіледі.
— Кім қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі — енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады, - деді депутат.


