Қамбада 2 жарым жылға жететін ұнның астығы бар – Ербол Қарашөкеев

0
620

Министрлік тарапынан астық экспорттаушыларға қандай ұсыныс айтылғанын мәлім етті.


Қамбада 2 жарым жылға жететін ұнның астығы бар – Ербол Қарашөкеев

ERNUR.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты астық экспортына толық тыйым салу туралы ұсыныс жөнінде пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты ұн экспортына толық тыйым салмасақ, өзіміз өнімсіз қаламыз деп жүргендер бар. Олардың айтуынша, Қазақстан қолдағы ұнның бәрін сатып жіберген», - деді БАҚ өкілі министрге Мәжілістің кулуарында.

«Бізде Қазақстанға жарты жылға жететін ұн бар. Оның үстіне астық та бар. Қажет болса, ұнға айналдыра аламыз. Қарапайым ғана мысал келтірейін. «Азық-түлік кропорациясының» қамбасында 800 мың тонна астық бар. Оны ұнға айналдырсақ, Қазақстанға қажет ұнның 2 жарым жылдық қорын алуға болады. Сондықтан қайта өңдеушілерді сабасына түсіргім келеді. Егер олар қандай да бір себеппен бұл бизнеспен айналысқысы келмесе, бұл алаңға кез келген сәтте «Азық-түлік корпорациясы» келе алады. Өзіндегі астықты қайта өңдеп, Қазақстан нарығына ұн жеткізеді. Бірақ бұл дұрыс болмайды деп ойлаймын. Өйткені, мұндай іспен бизнес айналысуы керек», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол министрлік тарапынан астық экспорттаушыларға қандай ұсыныс айтылғанын мәлім етті.

«Қазір бидай өндірушілер бағаның өскенін күтіп отырғанын түсінеміз. Сондықтан олар негізгі көлемді өздерінде ұстап отыр. Баға әрі қарай өсе түседі деп ойлайды. Осыған байланысты, теңгерімді сақтау үшін 15 маусымға дейін астықшылар Қазақстаннан 1 млн. тоннаға дейін астық шығара алады деп отырмыз. Бірақ, соның аясында осы көлемнің 10 пайызын, яғни 100 мың тонна астықты Қазақстан нарығына арзан бағамен өткізулері керек. Біз осылай ұсындық. Дәл осындай ұсынысты ұн өндірушілерге де айтып отырмыз. Олар 15 маусымға дейін 300 мың тоннаға дейін ғана ұн шығаруы керек. Сол шығарған өнімнің 10 пайызы көлемінде ішкі нарыққа арзан бағамен сатуы керек. Бұл астық экспорттаушылардың да, ұн экспорттаушылардың да құқығын бұзбайды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Айтуынша, ұсынылып отырған квота мөлшері жылдағы экспорт көлемінен аз емес.

«Соңғы 5 жылда наурыз, сәуір, маусым айларында Қазақстаннан 100-120 мың тонна ұн шығарылып тұрған. Бұл біз белгілеп отырған 300 мың тонна квота экспорттаушыларға толығымен жеткілікті деген сөз. Астық бойынша да солай. Орта есеппен айына 500 мың тонна астық шығарылып келген», - деді министр.