Премьер-министр Олжас Бектенов АӘК тағайындаудың жаңа ережелеріне қол қойды – олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Фото: Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау ережелері өзгереді. Бұған несиелер, депозиттер мен банктік операциялар қалай әсер етеді, деп жазады tengrinews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов АӘК тағайындаудың жаңа ережелеріне қол қойды – олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Құжат іріктеу талаптарын қатаңдатады: комиссиялар өтініш берушілердің мүлкін, депозиттерін, жаңадан алған несиелерін және карта арқылы жасалған ірі шығындарын тексеретін болады.
АӘК мөлшері қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мөлшері қарапайым тәсілмен – кедейлік шегі мен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі.
- 1 адамға арналған АӘК формуласы = Кедейлік шегі - Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы.
- Отбасына берілетін жалпы төлем = (Кедейлік шегі - Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы) * Отбасы мүшелерінің саны.
Әр тоқсан сайын әкімдіктер өз өңірі үшін кедейлік шегін есептейді. Ол халықтың медианалық табысына және елдің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты болады.
Егер бір адамға шаққандағы табыс кедейлік шегінен төмен болса, мемлекет отбасының әрбір мүшесінің табысын осы шекке дейін жеткізу үшін айырмашылықты төлейді. Мысал келтірейік:
Оны кедейлік шегімен салыстырамыз: Кедейлік шегі 40 000 теңге делік. Жетпейтін сома: 40 000 - 25 000 = бір адамға 15 000 теңге. Қорытынды төлемді есептейміз: 15 000 × 4 адам = мемлекет бүкіл отбасына айына 60 000 теңге төлейді.
Көмекті рәсімдеу үшін басты шарт – деректерді тексеруге келісім беру. АӘК алу үшін сіз және отбасыңыздың барлық мүшесі мемлекетке келесі мәліметтерді сұратуға және тексеруге рұқсат берулеріңіз керек:
- Жеке деректер (құжаттар, отбасы құрамы);
- Банктік құпия (шоттар, аударымдар, жинақтар);
- Несиелер мен қарыздар (кредиттік бюродан: ай сайынғы төлемдер, мерзімі өткен берешектер және қарыз қалдығы).
Бұл келісімсіз көмек тағайындалмайды.
АӘК екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты
Шартсыз ақшалай көмек жай ғана ақша төленетін түрі – ол еңбекке қабілетті адамы жоқ немесе мүшелері денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтын отбасыларға беріледі.
Ол жалғызбасты аз қамтылған адамдарға, егер олар:
- зейнеткерлер;
- 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар болса;
- ауыр сырқаттанса (еңбекке жарамсыздық парағы 2 айдан асса) беріледі.
Сондай-ақ еңбекке қабілетті ересектері мүлдем жоқ немесе еңбекке қабілетті бір ғана ересегі бар, бірақ ол 3 жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, 1-2-топтағы мүгедекке немесе қарт адамға күтім жасап отырған отбасыларға беріледі.
Шартты ақшалай көмек – жұмыс немесе оқу орнына бару шартымен берілетін ақша –
құрамында еңбекке қабілетті адамдары бар аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Басты шарт: Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері әлеуметтік келісімшарт жасасуға және жұмыспен қамту шараларына қатысуға – жұмысқа орналасуға, оқуға, кәсіп ашуға немесе бейімделуден өтуге міндетті.
Шартты көмек алу үшін еңбекке қабілетті адамдардың қайсысына жұмыс істемеуге болады:
- 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- күндізгі бөлімде оқитын студенттерге;
- қатарынан 2 айдан аса ауырғандарға;
- 3 жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, 1-2-топтағы мүгедекке немесе 80 жастан асқан қарт адамға күтім жасайтын ата-ананың біріне;
- қазірдің өзінде тұрақты жұмысы барларға.
Кімдерге АӘК беруден нақты бас тартылады?
Егер отбасында төмендегі белгілердің тым болмағанда біреуі болса, учаскелік комиссия АӘК беруден бас тартады:
- Меншігінде бірден көп тұрғын үй болса немесе кейінгі 5 жылда артық үйін сатқан болса. Ерекшеліктер: егер барлық пәтердің/үйлердің жалпы ауданы бір адамға 18 шаршы метрден аз болса немесе тұрғын үй апатты деп танылса.
- Пайда табу үшін пайдаланылатын коммерциялық үй-жай болса.
- Отбасының дайын үйі бола тұра, жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған жер телімі болса. Ерекшелік: егер әкімдік бұл жерді тегін берген болса.
- Меншігінде жарамды күйдегі бірден көп жеңіл автокөлік болса. Ерекшелік: көпбалалы отбасылар мен құрамында 1-2-топтағы мүгедектері немесе мүгедек балалары бар отбасылардың екі автокөлікке дейін иелік етуіне болады.
- Кез келген арнайы техника мен басқа да көлік құралдары: жүк көліктері, автобустар, шағын автобустар, ауыл шаруашылығы техникалары, катерлер немесе ұшақтар жұмыс істеп тұрған күйде болса.
Өтініш берер алдындағы тоқсандағы ақша, несиелер мен шығындар да маңызды рөл атқаруы мүмкін. Мәселен, келесі жағдайларда АӘК төлеуден бас тартылады:
- Банк карталары мен шоттары бойынша ай сайынғы орташа шығын отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен асып кетсе. Мұнда салықтар, сақтандырулар және өз шоттары арасындағы аударымдар есептелмейді.
- Сіз айына отбасының әрбір мүшесіне 2 күнкөріс деңгейінен асатын сомада кез келген несие немесе микроқарыз (ипотекадан басқа) алған болсаңыз.
- Бүкіл отбасы үшін 200 АЕК-тен (865 мың теңге) асатын банк салымының болуы. Ерекшелік ретінде "Отбасы банкіндегі" салымдар есепке алынбайды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жәрдемақы тағайындау жүйесі өзгеріп жатыр. Әл-ауқат деңгейіне байланысты қазақстандықтар бес топтың біріне – A, B, C, D немесе E тобына жатқызылады. Төлем мөлшері немесе оның мүлдем берілуі осыған байланысты болады.
Еңбек министрлігі мұның көмектің атаулылығын қамтамасыз ету үшін қажет екенін түсіндірді. Кімдер жәрдемақы ала алады, кімдерге бас тартылады және әр санаттың сипаттамасы қандай екені туралы толығырақ - сілтеме бойынша оқыңыз.
Жаңа тәсіл Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.


