Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркемге оқ атқан әскери қызметкер сотта ақталып шықты

0
764

Сот істі "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша қарады.


Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркемге оқ атқан әскери қызметкер сотта ақталып шықты

ERNUR.KZ. Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркемге оқ атқан әскери қызметшіге сот үкімі шықты. Қылмыстық іс Алматы әскери гарнизоны сотында қаралды, деп жазады sputnik.kz.

Қаралы қаңтарда 4 жасар қызы оққа ұшып қайтыс болып, 16 жастағы қызы 7 оқ тиіп жараланған Айдос Мелдеханның отбасы әлі күнге әділдік іздеп жүр.
"Осы бір жылдан астам уақытта бірде-бір кінәлінің туысы кешірім сұрап келген жоқ. Қызымды атқан Айдос Жұман да кінәсін сол күйі мойындамады. Ең болмаса бір туысы көңіл айтса болады ғой. Мен де адаммын, кешіріммен қарайтын едім", - дейді Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан.
Сотталушы әскери қызметкер Арман Жұманның құқын екі бірдей адвокат Оксана Мусоханова мен Наталья Усова қорғады. Олар соттан қорғаушыларын толық ақтап шығуды талап етті.
Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның айтуынша, сотта Арман Жұман "Айкөркеммен жасты қарындасым бар. Мен кінәлі емеспін, бірақ кешірім сұраймын. Мені соттағаннан ешкімге пайда жоқ. Жас өмірімді құртпаңыздар" деген.
Сотталушының ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 451 бабы 2 тармағы 1 бөлімі "Билiктi асыра пайдалану" бойынша қаралды.
"Бұл жерде адам өліп жатыр. Бейкүнә сәби өлді. Ал қылмыстық істі "Адам өлтіру" емес "Билікті асыра пайдалану" бабымен қарады. Менің 7 бірдей оқ тиген 16 жастағы қызымның да жағдайы әлі күнге нашар, денсаулығы түзелмейді", - дейді Айкөркемнің әкесі.
Сот отырысы екі сағатқа созылды. Отырыс жабық өтті. Алайда қоғам белсенділері наразылық білдіріп, сот залына кіргізуді талап етті. Айдос Мелдеханның айтуынша, судья БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерін кіргізуге рұқсат бермеген. Сондай-ақ себебін түсіндіруден бас тартқан.
Алматы гарнизонының әскери сотының шешімімен әскери қызметші ақталып шықты. Бұл туралы бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан мен адвокаты Жанғазы Күнсеркин айтты.
Қайғылы оқиға 2022 жылы қаңтар қақтығысы кезінде болған. Мелдехан отбасының төрт бала отырған көлікті әскерилер оқтың астынан алған. Оқ көліктегі 16 жастағы жасөспірімнің жеті жерінен, ал 4 жасар Айкөркемнің маңдайына оқ тиген. Бүлдіршін сол жерде тіл тартпастан кеткен.