Қарағанды облысында 2 су қоймасы салынады

0
355

​Қарағанды аймағында 237 су қоймасы бар. Оның дені тозығы жетіп, ескірген.


Қарағанды облысында 2 су қоймасы салынады

ERNUR.KZ. Алдағы уақыттары облыстың бірқатар су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүргізілмекші, деп жазады baq.kz.

Сондай-ақ, Қарқаралы мен Осакаров аудандарында жаңа су қоймалары салынбақшы.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Қарқаралы ауданының Ынталы ауылында, сонымен қатар, Оскаровка ауданының Садовое елдімекенінде үлкен су қоймаларын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Бұл шаралар оң шешімін табатын болса, жоба жасалынып, одан кейін республикалық бюджет қаржысына екі бірдей жаңа су қоймасы салынады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының балансында 237 су қоймасы бар. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары салынған су қоймаларын әбден тозған. Оларды біртіндеп қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын, жаңғырту шараларын жасау жоспарланып отыр. Одан кейінгі қадам осы гидротехникалық нысандардағы суды жаз маусымында егістікке ұтымды пайдалануды көздеп отырмыз. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп облыстағы су қоймаларын қалпына келтіру бойынша жол картасы жасалған. Осы бойынша Қарқаралының Ынталы, Осакаровканың Садовое ауылында 2 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр, - дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Басқарма басшысының сөзінше облыстың әкімшілік органдары мен құтқарушылардың алдын ала жоспарлары мен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде көктемде көптеген елдімекен мен ауыл-аймақтар тасқын судан аман қалды.

Басқа облыстарға қарағанда біздің облыста су тасқыны қанағаттанарлық деңгейде өтті деп айтуға болады. Өзеннің арналарын уақытылы тазаладық, үлкейттік, тереңдеттік, санациялар жүргіздік. Осы жұмыстар облыста су тасқынының қарқынды болмауына өз үлесін қосты. Мысалы, облыстағы ең үлкен өзен саналатын Нұраның сағасының бойымен ағаштар өсіп кеткен, бұл көктемде су деңгейінің көтеріліп, елдімекендерге жайылуына әкеледі. Биыл біз осы ағаштарды кесіп, өсімдіктерді орып, өзен арнасын 20 метрден 100 метрге дейін кеңейттік. Біраз жұмыс істеліп, соның арқасында тиісті нәтиже алдық деп айта аламын. Дегенменде, Шет ауданының біраз елдімекендерін қызыл су басты. Биыл Қарағанды облысының су қоймалары жарылған жоқ. Бірақ Таңатбай су қоймасында қауіп болды. Қазіргі уақытта осы қауіптің алдын алып, келер жылы төтенше жағдай болдыртпау мақсатында су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ол үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмақ, - дейді басқарма басшысы Бақтияр Санбаев.

Бақтияр Жұматайұлының айтуынша, биыл облыстағы 8 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Олар Тихоновка, Тоғызқұдық, Жастілек, Қарасаз, Ақжар, Таңатбай, Ақтұмсық, Мұқтар су қоймалары. Сондай-ақ, аймақтағы ірі өзендердің сағасын санациялау жұмыстары да жалғасын табатын болады. Қазіргі уақытта Тоқырауын өзені және Молодецкий мен Волоховский елдімекендерінің аумағындағы Нұра өзенінің арнасын санациялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, 2025 жылы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында елдімекендерде қорғаныс білітерін орнату және нығайту, автокөлік жолдарындағы құбырлардың су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған біршама шаралар атқарылатын болады. Бұл шаралар облыстың елуден астам елдімекенін су басу қаупін азайтуға мүмкіндік бермек.