Қарағанды облысында 4-санатты UEFA стадионы салынады

0
105

Әкім экологиялық жағдайды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтып берді.


Қарағанды облысында 4-санатты UEFA стадионы салынады

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында үш саланы – спорт, мәдениет және білім беруді біріктірген балаларға қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде 14 мыңға жуық бала ваучерлік қаржыландыру бағдарламасымен қамтылып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі спорт нысандарымен қамтамасыз ету 67,2%-ды құрады.

«Қарағандыда заманауи спорт кластерін құрып жатырмыз. 72 га аумақта 4-санатты UEFA стадионы және балалар мен жасөспірімдер және кәсіби спортты дамыту үшін бірнеше нысан саламыз. Жобаны іске асырудағы алғашқы қадам Футбол академиясының құрылысы болды. Сондай-ақ облыс бойынша 8 спорт нысанын салып жатырмыз», – деді спикер.

Әкім экологиялық жағдайды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтып берді.

Оның хабарлауынша, облыс тұрғындары үшін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы маңызды.

«Облыс бойынша 90 мың тонна қоқыс жиналды. 5 мың аула аумағы, 147 саябақ, 700 әлеуметтік нысан тазартылды. 60 мың ағаш отырғызылды. Балқашта қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Абай қаласындағы тағы бір осындай полигонның құрылысын аяқтаймыз. Сондай-ақ тағы 4 полигон салу бойынша құжаттама әзірленуде», – деді спикер.