Қарағанды облысында – 3, Павлодар облысында – 2 және Қызылорда облысында 9 оқиға жаңадан тіркелді.
Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарында коронавирус инфекциясына шалдығудың жаңа оқиғалары туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ coronavirus2020.kz сайтының Telegram-каналына сілтеме жасап.
17 сәуір, сағат 10.05-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетті жұқтырғандардың жалпы саны 1470-ке жетті. Оның ішінде Қарағанды облысында – 3, Павлодар облысында – 2 және Қызылорда облысында 9 оқиға жаңадан тіркелді.
Қарағанды облысы - 3 жағдай
Қарағанды облысында анықталған 3 науқастың бірі - 6 айлық бала. Жағдай Қарағанды қаласында тіркелді. Індетті жұқтырған оның ата-анасы инфекциялық госпитальда жатқан. Бала провизорлық госпитальда болды.
Екінші науқас - 41 жастағы Қарағанды тұрғыны. Инфекция жұқтырғандармен байланыста болған. Соған орай, провизорлық госпитальге орналастырылған еді.
Үшінші науқас - 19 жастағы Теміртау тұрғыны. Ол да науқастармен жақын байланыста болған.
Қарағанды облысында осы уақытта науқастардың жалпы саны 87 адамға жетті.
Павлодар облысы - 2 жағдай
Павлодар облысында тіркелген екі науқастың бірі 71 жастағы Екібастұз тұрғыны. Ол бірден провизорлық госпитальға жеткізілген. Ер адамның сөзінше, ол бес күн бойы ауырған. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген.
Екінші науқас – 42 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны.
«15 сәуірде ол ЖРВИ диагнозымен провизорлық пульмонологиялық госпитальға жеткізілді. Әйелдің айтуынша, ол шетелге шықпаған, КВИ жұқтырғандармен байланыста болмаған», - делінген ақпаратта.
Соңғы дерек бойынша, Павлодар облысында коронавируспен барлығы 15 адам тіркелген.
Қызылорда облысы - 9 жағдай
Қызылорда облысында бірден 9 жағдай анықталды. Науқастардың барлығы Жаңақорған ауданының тұрғындары. Ауру жұқтырғандардың үшеуі - 30-53 жас аралығындағы әйелдер. Алтауы - ер адамдар, олардың арасында ең үлкені - 83 жаста.
«8 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған. Ал 1 адамның індетті қалай жұқтырғаны бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр», - делінген мәліметте. Қызылорда облысында жаңа вирусқа шалдыққандардың жалпы саны 143 адамға жетті.


