Қарағанды ​​облысында адамдарға қасқыр шабуыл жасады

0
1 205

WhatsApp топтарында жергілікті тұрғындар бір-біріне балаларын мектепке жалғыз жібермеуді сұрап хабарламалар жіберіп жатқаны айтылды.


Қарағанды ​​облысында адамдарға қасқыр шабуыл жасады

ERNUR.KZ. Қарағанды облысы Қарқаралыда қасқыр үш адамға шабуыл жасады. Зардап шеккендер ауруханаға жүгінген, деп жазады tengrinews.kz.

Қарқаралыда қасқырдың адамдарға шабуыл жасағаны туралы ақпарат таңнан бері тарап жатыр. WhatsApp топтарында жергілікті тұрғындар бір-біріне балаларын мектепке жалғыз жібермеуді сұрап хабарламалар жіберіп жатқаны айтылды.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Қарқаралыда медициналық мекемеге жыртқыш тістеп, әртүрлі дәрежеде жарақат алған үш адам келгенін растады.

"Бір әйелді бірнеше жерінен тістеп алған, екіншісінің жарақаты терең. Үшіншісінде сызаттар бар. Жағдайлары бірқалыпты, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Барлық жарасы емделді, құтыруға қарсы екпе алды және амбулаторлық емделуге шығарылды", - делінген басқарманың баспасөз қызметі хабарламасында.

Қарқаралы ауданының әкімдігі жағдай әкімнің жеке бақылауында екенін хабарлады. Ауданда адамдарға шабуыл жасаудың жаңа жағдайларын болдырмау үшін полиция қызметкерлері, ветеринарлар және төтенше жағдайлар мамандары арасынан ведомствоаралық топ құрылды.

"Ведомствоаралық топ қасқырды іздестіріп жатыр. Мектептер мен басқа да оқу орындарының жанынан күзет бекеттері қойылды", - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция ветеринария органдарымен бірлесіп жыртқыш жануарды жою шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті.