Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасы салынуда

0
172

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты.


Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасы салынуда

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы салынады. Бұл еліміздегі сүтті мал шаруашылығы саласындағы құны 30 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобалардың бірі. СТФ қуаты жылына 9 мың тонна сүтті құрайды. Оның іске қосылуы 180 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты. Компания басшысымен бірге ол болашақ ірі нысанның негізін қалау құрметіне ескерткіш тас салды.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтты. Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды.

– Жоба бірегей, бір кешенде бірінші кезеңде 1200 бас, содан кейін екі есе көп болады. Жем-шөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді, – дейді Иван Георгиади.

Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ.

– Бұл өте қажетті және маңызды жоба, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту.

Биыл Осакаров ауданында егістік алқабы 450 мың гектарға дейін ұлғайды – өткен жылмен салыстырғанда 34,5 мың гектарға артық.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де өсуде. Ірі қара мал, қой мен ешкі, жылқы басы көбейді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Оған Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауылдық округтерінде және Молодежный кентінде іске асырылған «Жайлау» жобасы көмектесті. Биыл Есіл ауылдық округі қосылады.