Қайғылы оқиға бүгін, 3 қарашада зауыт аумағында болды.
Фото: Алтыналмас АК
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында салынып жатқан зауытта жұмысшы қаза тапты. Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inform.kz.
Қайғылы оқиға бүгін, 3 қарашада зауыт аумағында болды.
«Салынып жатқан Qaraghandy power Silicon зауытында монтаждау және дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде қосалқы мердігер компанияның қызметкері биіктіктен құлап, мерт болды. Еңбек инспекциясы департаменті осы оқиғаны тергеу жөнінде комиссия құрады», - деп хабарлады еңбек инспекциясы департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Салынып жатқан Qaragandy Power Silicon зауытында жазатайым оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 156-бабы, 3-бөлігі «абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда құрылыс алаңында бір адам мерт болғанын жазған едік.