Қарағанды облысында Valley жаңбырлатып суару машиналарының өндірісі жолға қойылады

0
88

Өңірде әлемге танымал америкалық Valley брендінің заманауи жаңбырлатып суару машиналарын өндіру жоспарлануда.


Қарағанды облысында Valley жаңбырлатып суару машиналарының өндірісі жолға қойылады

ERNUR.KZ. Бұл жөніндегі келісімге «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясының өкілдері қол қойды. Жоба отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін озық ауыл шаруашылығы техникасымен, қосалқы бөлшектермен және жедел сервистік қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Өндірісті жергіліктендіру – «Евразия Инвест LTD» компаниясы іске асырып отырған суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Биыл инвестордың суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір алқаптарда Valley суару жүйелері орнатылуда. Бұл ретте негізгі материалдар қарағандылық өндірушілерден сатып алынып, орнату жұмыстарын жергілікті мердігерлер жүргізуде.

Сонымен қатар Valley компаниясының суаруды басқаруға арналған цифрлық платформасы енгізілуде. Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы сенсорлар негізінде жұмыс істейтін жүйе нақты уақыт режимінде топырақ пен өсімдіктердің жай-күйін талдап, дақылдардың ылғалға деген нақты қажеттілігін есептейді.

Инвестор агроөнеркәсіптік кешеннің басқа бағыттарын да қатар дамытуда. Родниковское ауылындағы жұмыс істеп тұрған элеватордың сақтау сыйымдылығын 50 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ Молодежный кентінде дәл осындай қуаттағы жаңа элеватор салу жоспарланған. Бұл нысандар дәнді және майлы дақылдарды уақытылы қабылдауды, кептіруді, тазалауды және сақтауды қамтамасыз етеді.

Компания картоп егу алқабын 900 гектарға дейін ұлғайтып, Родниковское ауылы мен Молодежный кентінде заманауи көкөніс қоймаларының құрылысын жалғастыруда. Жалпы, биыл жалпы сыйымдылығы 46 мың тоннаны құрайтын алты қойма кешенін салу жоспарланған.

«Евразия Инвест LTD» компаниясы сүт-тауар фермасы құрылысының бірінші кезеңін аяқтап, нысанды малды қабылдауға дайындады. Ферма базасында агроөнеркәсіптік кешенді басқарудың бірыңғай цифрлық орталығы құрылады. Бұл цифрлық жүйе егіс жұмыстарынан бастап суару, мал шаруашылығы және дайын сүт өнімдерін өндіруге дейінгі барлық өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде біріктіріп, кәсіпорын жұмысының тиімділігін едәуір арттырады.