Қайғылы оқиға Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылында болған.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, күйік шалған екі жасар бала ауруханада көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 13 наурызда Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылында болған.
"Екі пәтерлі тұрғын үйдің ағаш шатыры, төбесі, терезесі, есік блоктары, сондай-ақ тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртеніп, өрт жалпы алаңы 100 шаршы метр аумаққа тараған. Өрт орнынан көміртегі тотығымен улану белгілері бар 2020 жылы туған бала ауруханаға жеткізілді. Ол Молодежный кентінің ауруханасында қайтыс болды. Болжам бойынша өрттің шығу себебі – отқа абайсыз қарау (балалық)", - деп атап өтті ТЖД өкілдері.
Сондай-ақ Ақтоғай ауданы Тораңғылық ауылында тұрғын үйге іргелес жатқан шаруашылық ғимаратының ағаш конструкциясы мен ағаш төбесі өртеніп, өрт жалпы алаңы 20 шаршы метрге тараған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Болжам бойынша өрттің шығу себебі – электр тоғының қысқа тұйықталуы.