Қарқаралы ауданының полициясына бір ауылдың тұрғындары өздеріне тиесілі малдың жоғалғаны туралы арызданды.
фото: Photo by Nicolas J Leclercq on Unsplash
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында жайылымда жүрген 47 жылқы суға батып кетті, деп жазады sputnik.kz.
Қарқаралы ауданының полициясына бір ауылдың тұрғындары өздеріне тиесілі малдың жоғалғаны туралы арызданды. Жоғалған жылқыларды іздеуге полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер жұмылдырылды. Шамамен 10 іздестіру тобы құрылып, олар аумақты көліктермен және атпен аралады.
Іздеу шаралары Қарқаралы ауданында ғана емес, облыстың көршілес аудандары мен Павлодар облысының Баянауыл ауданында да жүргізілді. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жылқылар анықталды. Көлдердің бірінен 47 жылқының өлексесі табылды. Жануарлардың иелері өз малдарын таныды.
Алдын ала болжам бойынша түнде далада жүрген табын мұз басқан көлге түсіп кеткен. Мұздың жұқалығы салдарынан жануарлар суға құлаған. Қарағанды облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малды бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертеді.