Қарағанды облысындағы Сарыбел станциясының теміржол вокзалы жаңартылды

0
92

​Қарағанды облысындағы Сарыбел станциясының теміржол вокзалында реконструкция жұмыстары аяқталды.


Қарағанды облысындағы Сарыбел станциясының теміржол вокзалы жаңартылды

ERNUR.KZ. Жаңартылған нысан заманауи көлік торабына айналып, жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасалды. Сондай-ақ инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігіне қойылатын қолданыстағы талаптарға толық сәйкестік қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Жоба аясында 1965 жылы салынған вокзал ғимаратына кешенді реконструкция жүргізілді. Жаңғырту нәтижесінде нысанның жалпы ауданы 487,4 шаршы метрді құрады. Вокзал қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған, жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи талаптарына сай келетін бір қабатты заманауи ғимаратқа айналды.

Қайта жаңарту барысында шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілерінің жұмысы орындалды. Сондай-ақ, перронды қайта жаңарту, іргелес аумақты абаттандыру және заманауи жиһаздарды орнату жұмыстары жүргізілді.

Нысанның сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Вокзалдың қасбеті заманауи фиброцемент панельдермен қапталса, ал ішкі әрлеу жұмыстарына отандық өндірістің ұзақ мерзімге төзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және күтімі жеңіл материалдар пайдаланылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық жолдар мен шығу есіктері жабдықталды.

Сарыбел станциясының теміржол вокзалы 1-ші санаттағы вокзалдарға жатады. Станция арқылы күн сайын 12 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай және Павлодар қалаларымен көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Сарыбел станциясының теміржол вокзалын жаңғырту Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Мұндай жобаларды іске асыру көлік қызметтерінің сапасын арттыруға, өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуға және Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.