Қарағанды облысының шаруалары рекордты көлемде астық жинады

0
211

Биылғы жылы аймақтың фермерлері рекорд орнатып, 1,3 млн тонна астық жинады.


Қарағанды облысының шаруалары рекордты көлемде астық жинады

Қарағанды өңірінде ауыр индустриямен қатар аграрлық сектор да белсенді дамып келеді. Саладағы өндіріс көлемі бойынша өңір республикада 7-ші орында. Жергілікті өндірушілер тек облыстың ғана емес, Астананың да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биылғы жылы аймақтың фермерлері рекорд орнатып, 1,3 млн тонна астық жинады. Мұндай нәтиже соңғы 13 жылда болмаған. Картоп түсімі жақсы – 409 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,4%-ға артық. Жыл сайын су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақтар кеңейіп келеді. Биыл 4,9 мың гектарға ұлғайтылып, 35 мың гектарға жетті. Жалпы, АӨК саласында жыл соңына дейін 23 млрд теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ОКҚ алаңында хабарлады.

«Ауылдарды дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасын айрықша атап өту керек. Мемлекет басшысы ауыл экономикасын көтеруге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар беріп, оның ішінде осы бағдарламаның тиімділігін атап өтті. Қарағанды облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4,4 млрд теңгеге 483 шағын несие берілді. Бұл несиелердің жартысы – мал шаруашылығын дамытуға, екінші жартысы – ауыл тұрғындарының бизнес жобаларын қаржыландыруға арналған. Оның нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылды», – деді өңір басшысы.

Бұл қолдауды табысты пайдаланғандардың бірі – айына 30 тонна қымыз өндіретін «Saq NS» ӘӨК неміс технологиясы бойынша бие сүтін шығаратын цех. Сонымен қатар «Мади-Агро 7» ӘӘК атап өткен жөн. Ауылшаруашылық кооперативі құрылғаннан кейін, өткен жылы ол Qarmet-ке шамамен 100 тонна ет жеткізді.