Қарағандыда ұлының жарақаты үшін өш алған ер адам 12 жылға сотталуы мүмкін

0
594

Полицейлер бастапқы кезде кісі өліміне кінәлі адамды Қылмыстық кодекстің 107-бабымен жазаға тартпақ болған.


Қарағандыда ұлының жарақаты үшін өш алған ер адам 12 жылға сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қарағанды қаласында қоғам белсендісі Олег Гарницкий қайтыс болды. Сәуір айында оны сенбілік кезінде ұрып тастады. Содан бері қала тұрғыны жансақтау бөлімінде жатқан, деп жазады sputnik.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Гарницкийдің қайтыс болғанын растады. Ал полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ол абайсызда адам өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айыпталып отыр. Қоғам белсендісі жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

"Новый вестник" басылымы таратқан мәліметке сәйкес, сәуір айында қоғам белсендісі Олег Гарницкий сенбілік ұйымдастырған. Ол көшет сатып алып, үйдің алдында отырғызуды жоспарлады.

Сенбілік кезінде бір жасөспірім қолын кесіп алған соң, оның әкесі жанжал шығарып, Гарницкийді соққыға жыққан. 18 сәуірде қоғам белсендісі жансақтау бөліміне түскен.

Сол кезде "Астана" арнасы сюжет түсіріп, куәгерлерден сұхбат алған болатын. Олардың айтуынша, ер адам Гарницкийді іштен тепкен. Ол құлап, басын асфальтқа соққан.

Полиция бастапқы кезде Қылмыстық кодекстің 107-бабы (ауырлығы орташа жағдайда денсаулыққа қасақана зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал қоғам белсендісі қайтыс болғаннан кейін оны 106-бапқа (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда адам өліміне әкеліп соқтырған әрекет) ауыстырды. Ал бұл бапта кінәліге 8 жылдан 12 жылға дейін жаза қарастырылған.