№32 мекемеде 100-ге жуық әйелдің жаза мерзімі қысқартылды.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №32 мекемеде 2025 жылғы 1 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының "Амнистия туралы" заңын іске асыру басталды, деп жазады inbusiness.kz.
Қазіргі уақытта аталған мекемеде 500-ге жуық сотталған әйел жазасын өтеп жатыр. Амнистия аясында шамамен 100 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады. Ал тағы 40-қа жуық әйел мерзімінен бұрын босатылып, туған-туыстарына оралып, өмірдің жаңа кезеңін бастау мүмкіндігіне ие болады.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, алғашқы сот шешімдері заңды күшіне енді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 16 шілдеде Қарағанды облысының Абай аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотталған 38 жастағы әйелге қатысты істі қарады. Сот "Амнистия туралы" заңның 1-бабының 2-тармағына сәйкес оны негізгі жазасының өтелмеген бөлігін өтеуден босату туралы шешім шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, амнистияны қолдану қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Әрбір сотталғанның ісі жеке қаралып, жасалған қылмыстың санаты, тағайындалған жаза мерзімі және заңда көзделген өзге де талаптар ескеріледі.
Қазіргі уақытта №32 мекемеде амнистия қолданылатын өзге де сотталғандарға қатысты материалдарды әзірлеу және оларды сот органдарына жолдау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ондаған әйелге отбасымен қайта қауышуға, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және қоғамға бейімделіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді.


