Кардиологиядағы инновациялар: енді қазақстандықтарға жаңа буын тамырішілік УДЗ қолжетімді

0
126

Жаңа технология Санкт-Петербургтен келген жетекші рентгенхирург Владимир Ардеевтің қатысуымен өткен мастер-класс шеңберінде енгізілді.


Кардиологиядағы инновациялар: енді қазақстандықтарға жаңа буын тамырішілік УДЗ қолжетімді

ERNUR.KZ. Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында коронарлық артерияларды көруге арналған жасанды интеллекті бар жаңа буын тамырішілік ультрадыбыс енгізілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Жаңа технология Санкт-Петербургтен келген жетекші рентгенхирург Владимир Ардеевтің қатысуымен өткен мастер-класс шеңберінде енгізілді.

«Рентгеноперациялық блок заманауи жабдықтармен жарақталған, бұл организмнің кез келген аймағында рентгенбақылаумен операция жасауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер ең озық құралдарды, медициналық аппаратура мен шығын материалдарын қолданады. Біздің институтымыз Қазақстандағы осы инновациялық технологияны ұсынған алғашқы медициналық мекемелердің бірі болды», — деп атап өтті басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Avvigo+ атты жаңа жүйенің көмегімен дәрігерлер артерияларды дәл әрі жылдам өлшеп, тарылу деңгейін, стенттің ұзындығы мен диаметрін 0.1 мм дәлдікпен, сондай-ақ зақымданған аймаққа дейінгі және кейінгі тамырлардың ерекшеліктерін анықтай алады. Бұл операцияны барынша дәл және пациент үшін қауіпсіз жүргізуге көмектеседі.

«ТІУДЗ қолдану стент тромбозы мен стент рестенозы сияқты асқыну қаупін төмендететіні дәлелденген. Бұл науқастың операциядан бас тартуын қоспағанда диагностикалық әдістің абсолюттік қарсы көрсетілімдері жоқ», — деп түсіндірді рентгенэндоваскулярлық операциялық блок меңгерушісі Алексей Колесников.

Мастер-класс шеңберінде барлығы 10 сәтті операция жасалды.