Тұтынушылық несиелердің тым өсуін шектеу үшін қазір бірқатар шара қабылданып жатыр.
ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі болашақта тұтынушылық несиенің көлемін азайтып, ол қаражатты экономикаға жіберу бойынша қандай шара қабылдайды? Бұл сұраққа мәжіліс отырысында агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова жауап берді, деп жазады ulysmedia.kz.
Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық несиелердің тым өсуін шектеу үшін қазір бірқатар шара қабылданып жатыр. Ең біріншіден, банктер мен микроқаржылық ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Былтыр олардың капиталына қойылатын талаптар күшейтілген. Банктер бойынша тәуекел саралау коэфиценттері 150 пайыздан 300 пайызға дейін өссе, микроқаржы ұйымдарына қойылатын талап 5 есе ұлғайған.
«Одан басқа біз проблемалық кредиттердің өсуіне жол бермес үшін микроқаржы ұйымдарында проблемалық кредиттердің үлесі 20 пайыздан аспауы керек. Одан асса, біз оларды лицензиясын қайтарып аламыз. Одан басқа халықтың берешегін азайту үшін былтырдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары арнайы жоспар әзірледі. Осы жоспарларда борыш жүктемесін азайту үшін әртүрлі шаралар көзделген. Мысалы кредит проблемалық болса, ол сыйақы мөлшерлемесін азайту, кредит мерзімін ұзарту немесе толығымен несиені есептен шығару шаралары да бар», - дейді ол.
Әбілқасымова келтірген статистикаға сәйкес, банктер өз жоспары негізінде 633 мың тұтынушының несиесін зерттеген. Бүгінгі күні 267 мың адамның несиесі жеңілдетілді. Ал микроқаржы ұйымдары 388 мың адамның микронесиесін реттеген.
«Енді қарыз алушының борышы кірісінің 50 пайызынан аспауы керек. Қосымша шаралар қабылданады. Біріншіден, коллекторлық агенттіктер қарызды банктер мен микроқаржы ұйымдардан сатып алған кезде олар осындай реттеу шараларын, жеңілдету шараларын қабылдамайды. Ондай міндеті жоқ. Сол себепті біз заңды түрде коллекторлардың проблемалық кредиттерді қабылдау міндеттемесін заңнама негізінде енгіземіз. Проблемалық берешегі реттелмеген коллекторларға кредитті сатуға толығымен тыйым салынады», - дейді ол.