"Қаржаубай өзі пышақ сермеді": Шерзаттың өлімі бойынша сотта күдікті Нұрбол Тоқтаубаев төбелеске жәбірленушілерді кінәлады

0
74

Шерзаттың өліміне байланысты сот процесінде күдіктілердің бірі Нұрбол Тоқтаубаев куәлік берді.


Фото: Жоғарғы сот тікелей эфир скрин

ERNUR.KZ. Ол аталмыш жағдайға жәбірденушілердің өзін, яғни Қаржаубай Нұрымов пен Нұрғанат Ғайыпбаевты кінәлады. Сөзінше, Нұрымов оларға қайта-қайта пышақ сермеп, өзін агрессивті ұстаған, деп жазады stan.kz.

Нұрбол Тоқтаубаев інісі Азаматпен бірге Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық” бабы бойынша айыпталып жатыр. Сөзінше, оқиға болған күні ол “Эйфория” кафесінде бір бөтелке сыра ішкен. Сол кезде оған Дархан Аскентай қоңырау шалып, “Қамажай” дүкеніне шақырған.

“Танысым Дархан “мені ұрып кетті, келші” деп хабарласты. Өзім сыра ішіп алғандықтан, Думан Ысқаққа мені апарсын деп өтініш жасадым. Барған соң, сатушы Қаржаубайдан не болғанын сұрадым. Ол “досың ақша төлемеді” деді. Біресе “мен ұрдым”, біресе “ұлым ұрды” деді. Мен қанша төлеу керегін сұрап едім, 1000 теңге деді. Мен артығымен 1500 теңге бердім. Жазылып тұрған нөмірге аудардым. Одан досым үшін кешірім сұрап, Дархан, Думан үшеуміз қайтып кеттік”, – деді ол.

Сөзінше, осы сәтте Қаржаубай қолына пышақ алып, сес көрсетіпті. Сараптамада тіркелмеген үшкір пышақ дейді.

“Жолда Дархан телефоннан түбіртекті көрсетті, “төледім, қағаз ақша да бердім. Қалғанын інім төледі” деді. Сол үшін мәселені анықтау үшін дүкенге қайтадан бардық. Қаржаубай агрессивті түрде пышақ алып оқталды. Біз оған “балаңмен шық” дедік. Мен “Хуторскиймін”, “Хуторский-95” деп айтпадым. Есесіне мен 96-жылғымын. “Денсаулық қойып тастайсың” деген сөз болмады. Бұрын-соңды төбелеспегем, сотқа тартылмағам”, – деді сотталушы.

Сөзінше, бірінші келгенінде Нұрғанат болмаған, екінші келгенде ол болды. Айтуынша, Нұрғанат біреулерге қоңырау шалып, дүкенге оларды шақырып жатты.

“Қаржаубай "сендерді өлтіремін" деп пышақ тақады. Осы кезде торт кесетін пышақ болды. Абдырап қалдым.7-8 ірі жігіт келді. Шерзат Нұрғанаттан кілт алды да, кетіп қалды. Осыдан кейін мен де басқа жігіттерге қоңырау шалдым. Бірақ ініме “жігіттерді жинап кел” деп айтпадым. Оның өз телефоны болмағасын Шыңғысқа “ініммен сөйлестір” деп айттым. Оларға “досымды ұрып кетіпті, мына жаққа жігіттер келді. Мәселені ушықтырмай шешіп кетейік” дедім”, – деді ол.

Ол Қаржаубай Нұрымовты сабырға шақырып жүргенін айтады. Олармен бірге келген екі қыз дүкенге кіріп кетті, бірақ есікті итермеді дейді.

“Қаржаубаймен дүкен ішінде ақша мәселесін талқылап тұрғам. Сол кезде сыртта төбелес басталып кетті. Ол “ақшаны қайтармаймыз” деді. Мен “жарайды, керек емес, бастысы Шерзат кешірім сұрасын” деп айттым. Онымен Шерзат кетіп қалған. Олардың қару алып келуге дайындалып жатқанын білмедім. Нұрғанат аяқ жағымызға мылтық атты. Аяқ сермеп, оны тепкенім рас. Бірақ төбелес шығару ниетіміз болған жоқ”, – деді сотталушы.

Нұрбол Тоқтаубаев қылмыс болғаннан кейін бірер сағатта үйінде ұсталған. Сөзінше, полиция бөлімшесінде оған қысым жасалды. Сол себепті бұрын берген айғақтарынан бас тартты.

"Маған қысым жасалды. Тәртіп сақшылары ұрды. Бұл туралы бірнеше рет арыз жаздым. Полиция бөліміне кірген соң жауап алғанша ұрды. Қысқасы, олар бізге: "Сендер туралы фильм түсірейік" деп айтты. Олар мені ұрды. Келгендердің бәрі, тергеушілер де ұрып соқты. Олар, былай айтасың, былай сөйлейсің деді. Қаржаубайдың өзі келді. Бізді қорлап, бізді де ұрды, куәгерлер бар", – дейді сотталушы.

Тоқтаубаевтың адвокаты соттан ұрып-соғу және азаптау туралы ұйғарым шығаруды сұрады. Бірақ сот оны қанағаттандырмады.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.