Қаржы министрі арнайы қордан берілетін өтемақы жайында мәлімет берді

0
465

​Бұл қордағы барлық қаражат жауапқа тартылған адамдарға салынған айыппұлдар мен төлемдерден жинақталады.


Қаржы министрі арнайы қордан берілетін өтемақы жайында мәлімет берді

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев қылмыстардан зардап шеккен адамдарға өтемақы беру туралы айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Иә, зардап шеккен адамдарға өтемақы беру қоры жұмыс істеп жатыр. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап төлемдер де жасалады. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткім келеді, қор заңды тұлға болып саналмайды, бұл – арнайы есепшот. Оған түсетін ақша зардап шеккендерге өтемақы ретінде беріледі", - деді Жамаубаев онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, қорға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Барлық қаражат жауапқа тартылған адамдарға салынған айыппұлдар мен төлемдерден жинақталады.

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстанда қылмыстардан зардап шеккен тұлғаларға бір реттік материалдық көмек көрсету үшін жәбірленушілерге өтемақы қоры құрылған болатын. Жәбірленушілер үш санат бойынша қарастырылады. Олар:

  • кәмелетке толмай жатып зорлық-зомбылық құрбаны болғандар;
  • адам саудасына түскендер;
  • денсаулығына ауыр зиян келгендер және иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар (ВИЧ/СПИД);

Сондай-ақ, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда өтемақы оның туыстарына төленеді. Ал қордың толтырудың бірнеше қаржы көзі бар. Олар:

  • сотпен өндірілетін мәжбүрлі төлемдер;
  • процессуалды міндеттерді орындамағаны үшін сот шешімімен өндірілетін ақша;
  • түзеу жұмыстары бойынша түсімдер;
  • кері талап қою тәртібінде өндірілетін ақша;
  • ҚР заңнамасында тыйым салынбаған басқа қаржы көздері.

Қаржы министрлігінің есептеуінше, жылына аталған қорға шамамен бір миллиард теңге жиналады.