Нұржан Қуандықовтың айтуынша, Дариға Назарбаева мен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев декларация тапсырған.
ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі өкілі ОКҚ алаңында Дариға Назарбаева мен Нұрбол Назарбаевтың декларация тапсырғанын айтты, деп жазады ulysmedia.kz.
«Форбс тізімінде жүрген Дариға Назарбаева мемлекеттік қызметте, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Осы кісілер декларация тапсырды ма? Сіздердің талаптарыңыз бойынша бүкіл дүние-мүлкін олар көрсетті ме?», - деп сұрады журналист ОКҚ алаңында.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықовтың айтуынша, Дариға Назарбаева мен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев декларация тапсырған. Алайда олардың байлығы қандай екенін меморган өкілі заңға сүйеніп айта алмайтынын айтты.
«Иә, сіз айтқан адамдардың бәрі декларация тапсырды. Өйткені бүкіл мемлекеттік қызметшілер декларацияны тапсыруға міндеттелген еді. Олардың қандай сомасы, несі бар екенін жариялауға құқығымыз жоқ. Себебі салық кодексі бойынша ол мәліметтер қорғалады», - деді ол.
«Олардың оффшор арқылы шығарған ақшасы бар ма?» деген сұраққа Нұржан Қуандықов «түскен бүкіл мәліметтің бәрі салық кодексімен қорғалатынын, жарияланбайтынын» айтты. «Олардың қалай байып кеткенін зерттейсіздер ме?» деген сұрақты қаржы министрлігінің өкілдері құқық қорғау органдарына сілтеді.