Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы басталды

0
491

Кәсіпорынның өңдеу қуаты жылына 1 млрд текше метрге дейін шикі күкіртті газды құрайды.


Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы басталды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үкімет басшысы Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы – газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді. Кәсіпорынның өңдеу қуаты жылына 1 млрд текше метрге дейін шикі күкіртті газды құрайды, одан 815 млн м³ тауарлық газ және 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты өндірілетін болады. Оны 2023 жылғы 4 тоқсанда пайдалануға беру көзделген.

Жоба еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін береді, Қашағанда мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға, елді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтуге және мұнай-газ өндірісінің экологиялығын арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде мұнда 2500 дейін уақытша, ал пайдалану кезеңінде 600 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Премьер-министр жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін Қазақстандағы алғашқы Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылыс барысын тексерді. Жобаны «Қазақстан Петрокемикал Индастриз (KPI)» ЖШС жүзеге асырады. Инвестициялардың жалпы көлемі $2,6 млрд құрайды. Оны 2022 жылғы наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Кәсіпорында 630-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта жоба кестесі бойынша жалпы прогресс 87,19%-ды құрайды. Құрылысқа 39 қосалқы мердігер компания тартылған, оның 36-сы — қазақстандық.

Үкімет басшысы биыл сәуір айында Полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын қамтамасыз ету үшін азот және сығылған құрғақ ауа шығаратын қондырғысының құрылысын аяқтаған «Эр Ликид Қарабатан Тех Газы» Қазақстан-Француз бірлескен кәсіпорнына барды. Зауыттың қуаттылығы 8 мың нм3/с азот және 8,1 мың нм3/с сығылған құрғақ ауаны құрайды.

Асқар Мамин 2020 жылғы тамызда пайдалануға берілген қуаты жылына 36 мың м² грейтинг және 60 мың тонна мырыштауды құрайтын «Атыраумұнаймаш» ЖШС грейтинг және ыстықтай мырыштау цехының жұмысымен танысты.

«Каспий мұнай» ЖШС аралау барысында Премьер-министрге Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Айранкөл» кен орнын 2019-2021 жылдары жүргізілген цифрландырудың нәтижелері таныстырылды – мұнай өндіру 10%-ға артты, шығындар 30%-ға азайды, операциялық қызмет 80%-ға жетілдірілді, мұнай қалдықтарының көлемі қысқартылды, пандемия кезеңінде кен орнын қашықтан бақылау және басқару мүмкіндігі енгізілді.

Сапар барысында Үкімет басшысы бекіре балығын өсіретін «Kaspi Bekiresi Limited» балық өсіру шаруашылығының қызметімен танысты. Қысқа мерзімді кезеңде кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарлануда. Үкімет басшысына сондай-ақ Атырау қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалды.

Жұмыс сапарына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов және т. б. қатысты.