Президент тапсырмасының аясында кәсіби спортқа бөлініп келген 21 млрд теңге бұқаралық спортқа бағытталды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Прембер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Елімізде орта есеппен халықтың 35%-ке жуығы спортпен шұғылданады. Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Ал, ең төменгі көрсеткіштер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.
2025 жылы біз спортпен айналысатындардың үлесін 50%-ке дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін салауатты өмір салты мен спорттың пайдасы кеңінен насихатталуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық спортқа бөлінетін қаражатты көбейту керектігін баса айтты.
«Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шамамен 21 млрд. теңгені кәсіби спорт түрінен алып, бұқаралық спортқа қайта бағыттадық. Оның 6 млрд. теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жұмсалды. Осының арқасында мыңдаған бала спорт секцияларына тегін баруға мүмкіндік алды. Өткен жылы республика бойынша 162 мың бала қатысты, ал биыл 275 мыңы қамтылады. Тегін шұғылданатын балалардың ең көп үлесі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Әзірге Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары көш соңында қалып отыр», - деді Әлихан Смайылов.