​ТҮРКІСТАН: Шардарадағы шағын өндірістік паркте 6 кәсіпорын жұмысын бастады

0
229

Олар жұмсақ және кеңсе жиһаздарын, модульді шағын үйлерді, термопанельдер, қасбеттік қаптамалар, терезе жақтаулары мен түрлі сәндік құрылыс бұйымдарын шығарады.


​ТҮРКІСТАН: Шардарадағы шағын өндірістік паркте 6 кәсіпорын жұмысын бастады

Түркістан облысының әкімі Шардара ауданына жұмыс сапары барысында қаладағы шағын өндірістік паркті аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапары барысында қаладағы шағын өндірістік паркті аралады. Мұнда кәсіпкерлерге өндіріс орындарын ашуға және өз өнімдерін шығаруға қолайлы жағдай жасалған.

Аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік парктің құрылысына 410 млн теңге инвестиция бағытталған. Жоба аясында әрқайсысының ауданы 200 шаршы метр болатын 6 ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда қосымша 5 ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Өндірістік парк қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ауыз су, табиғи газ, электр желісі, кәріз жүйесі тартылып, жол салынған. Өндірістік паркке кәсіпкерлер тарапынан сұраныс жоғары.

Бүгінде мұнда 6 кәсіпкер өз өндірісін жолға қойған. Олар жұмсақ және кеңсе жиһаздарын, модульді шағын үйлерді, термопанельдер, қасбеттік қаптамалар, терезе жақтаулары мен түрлі сәндік құрылыс бұйымдарын шығарады.

Облыс әкімі өндірістік паркте орналасқан кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан 5 ғимараттың құрылыс барысын көрді.

Нұралхан Көшеров өндірістік алаңдардың жергілікті кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын атап өтіп, мұндай жобалар өңірде жаңа өндірістер ашуға, отандық өнім көлемін арттыруға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін айтты. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев пен жауапты басшыларға өндірісті дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Шардара ауданындағы шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 28,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі бойынша 163 пайызды құрайды. Ал осы салада 12 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.

Бөлісу