Кәсіпкерлер талабы орындалды - салықшылар жағымды жаңалықты бөлісті

0
585

Бұған дейін бірқатар тауарлар бойынша ілеспе жүкқұжаттарды міндетті түрде рәсімдеу шараларын енгізу жоспарланған болатын.


Кәсіпкерлер талабы орындалды - салықшылар жағымды жаңалықты бөлісті

ERNUR.KZ. Қазақстанда тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды енгізу бойынша пилоттық жобаның мерзімі тағы ұзартылды, деп жазады sputnik.kz.

"Бизнес қауымдастық тарапынан тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды міндетті енгізуге дайындалу үшін қосымша уақыт беру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Осыған байланысты акцизделетін тауарлар, ЕАЭО аясындағы импорт/экспорт және "Виртуалды қойма" тауарлары бойынша пилоттық жобаның мерзімін 2022 жылғы 1 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, бұған дейін бірқатар тауарлар бойынша ілеспе жүкқұжаттарды міндетті түрде рәсімдеу шараларын енгізу жоспарланған болатын. Бірақ кәсіпкерлер наразылық танытып, қосымша уақыт беруді сұраған.

Әзірге бұл жүйе тек пилоттық негізде ғана қолға алынып отыр. Сондықтан айыппұлдар және басқа да санкциялар қолданылмайды.

Ілеспе жүкқұжаттары не үшін керек?

Тауарлардың ілеспе жүкқұжаттары – бұл электронды форматта рәсімделетін бухгалтерлік құжат. Сол арқылы тауар шығарылған жерден бастап сатылғанға дейінгі барлық тізбекті бақылап отыруға мүмкіндік бар.

Салықшылардың айтуынша, ілеспе жүкқұжаттары бизнесті көлеңкеден шығаруға көмектеседі. Әйтпесе, шағын кәсіпкерлердің басым бөлігі салық тәртібін сақтамайды. Мәселен үйдің жанындағы дүкендерде түбіртек те берілмейді. Ал ілеспе жүкқұжаттары жүйесі арқылы тауардың қай жерде сатылғанын анық көруге болады.

Пилоттық жоба қолға алынған кезде шағын дүкендердің иелері жаңа бастамаға қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, бәрін бір уақытта істеу мүмкін емес. Халыққа қызмет көрсету керек. Оған қоса электронды базаға тиісті мәліметтерді енгізіп отыру қажет. Сосын шығын көп шығады.

Қазақстандағы кәсіпкерлер осы бастамаға қарсылық білдіріп, наразылық акцияларын да ұйымдастырды. Біреулер бір күнге жабылса, енді біреулер қарсылық ленталарын іліп қойды.