​Кәсіпкерлерді 126 млн теңгеге алдаған алаяқ Қырғызстанда ұсталды

0
96

Қылмысты жасағаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.


​Кәсіпкерлерді 126 млн теңгеге алдаған алаяқ Қырғызстанда ұсталды

Фото: Видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Алматы облысының аумағында бірқатар алаяқтық әрекеттер жасағаны үшін күдікті Бас прокуратурасының сұрау салу бойынша Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды, деп жазады inform.kz.

— Тергеу барысында 2019–2022 жылдар аралығында қаскүнемнің алдын ала жоспарлап өзге адамдармен бірге өңірдегі ең ірі азық-түлік базарларының бірінде сауда бутиктерін сату сылтауымен азаматтарды жүйелі түрде алдап келгені анықталды. Алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде ол 11 кәсіпкердің жалпы 126 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген.

Қылмысты жасағаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Қазақстан мен Қырғызстанның құзыретті органдарының өзара тиімді іс-қимылының нәтижесінде биылғы тамыз айында ол Бішкек қаласында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сұрауы негізінде ол қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін белгіленген тәртіппен еліне экстрадицияланды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық заңмен айыпталған әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әділеттілікті қалпына келтіру және жәбірленуші азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында тергеуден және соттан жасырынып жүрген адамдарды анықтау, іздестіру және экстрадициялау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Айта кетелік қыз зорлап, 13 жыл жасырынып жүрген күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланған еді.