Төлемді уақытша тоқтату 1 сәуірге дейін рәсімделген несиелерге ғана жүреді.
ERNUR.KZ. Қалыптасқан жағдайға байланысты бизнес өкілдеріне кезекті рет осындай мүмкіндік беріліп отыр, деп жазады 24.kz.
Короновирусқа қатысты жағдай кәсіпкерлерді тағы да тығырыққа тіреді. Қазір карантиндік шектеулердің кесірінен көптеген бизнес өкілі өз ісін тұралатып, қыруар шығынға батып жатыр. Осыған байланысты оларға несие төлемдерін шегеру мүмкіндігі берілді.
Бұл мүмкіндікті шағын бизнес субектілері мен жеке кәсіпкерлер қолдана алады. Шегерім мерзімі – 3 ай. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Бір ескерері – төлемді уақытша тоқтату 1 сәуірге дейін рәсімделген несиелерге ғана жүреді. Ол үшін кәсіпкер 30 маусымға дейін екінші деңгейлі банкке не микроқаржылық ұйымға өтішін беруі тиіс.
«Жеңілдік, әсіресе, қатты зардап шеккен салаларға жасалады», делінген хабарламада. Бұл санатқа бизнестің 346 түрі кіреді. Айта кетейік, төлемдерді кейінге шегеру қарыз алушының несие тарихына еш әсер етпейді.