Каспий теңізінде итбалықтардың неден қырылғаны әлі анықталған жоқ - министрлік

0
697

Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылған.


Каспий теңізінде итбалықтардың неден қырылғаны әлі анықталған жоқ - министрлік

ERNUR.KZ. Биылғы 5 айдың ішінде Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылды, деп жазады inform.kz.

«Биыл сәуір мен мамырда табылған өлі итбалықтардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Барлығының да өлексесі ыдырап кеткен. Маңғыстау облысы экология департаментінің қызметкерлері ауа және судан сынама алды. Зерттеу нәтижесі бойынша концентрацияның артық мөлшері анықталған жоқ. Итбалықтардың қырылуына себеп болатындай зиянды заттар табылмады. Сонымен қатар гидробиология және экология институты өлген итбалықтардың ұзындығы мен салмағын өлшеу, жынысы мен жасын анықтау үшін олардың қабыршақтары мен тырнағы арқылы зерттеу жүргізді», - деп жауап берді министрлік.

Экология министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес итбалықтар қырылуының болжамды себебін маусымда жариялау жоспарланып отыр. Бүгінде зерттеу жұмысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ, аталған ведомстводан жыл басынан бері 30 мамырға дейін Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылғаны айтылды.

«Бұған дейін табылған итбалықтардың қаңқалары қатты ыдырап кеткені хабарланды. Сол себепті токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық зерттеу жүргізу үшін сынама алу мүмкін болмады. Осы орайда министрлік итбалықтар қыста өлген деген болжам жасап отыр. Табылған итбалықтардың өлексесі Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы және жергілікті атқарушы органдардың күшімен санитарлық талаптарды сақтай отырып жойылады», - делінген хабарламада.