Каспийде тәулік бойы балық аулауға рұқсат етіледі

0
2 378

Бұрын балық аулау шаруашылықтары күндіз ғана жұмыс істейтін.


Каспийде тәулік бойы балық аулауға рұқсат етіледі

ERNUR.KZ. Сенат қазақстандық балықшыларға Каспийге тәулік бойы шығуға рұқсат беретін заңды екінші оқылымда қабылдады, деп жазады Tengrinews.kz.

ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың айтуынша, 2020 жылы Каспий теңізіне балық аулау үшін шыққан жеті мың қазақстандық тіркелген.

"Бұрын балық аулау шаруашылықтары күндіз ғана жұмыс істейтін, осы Заң жобасы бойынша біз уақтылы көмек көрсете алуымыз үшін GSM-трекерлер болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеуге болады", - деді Ділманов Сенат отырысында.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң Каспийдегі мемлекеттік шекараны қорғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аталған құжат ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді.

"Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық су туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекеттің балық аулау бойынша айрықша құқығы бар. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, заңның бірқатар нормасы су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз", – деді Мәулен Әшімбаев