Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарына көмектескен қазақстандықтарға алғыс айтты

0
1 796

Президент қиындыққа қарамай тұтас бір қаланың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруді нағыз ерлік деп атады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарына көмектескен қазақстандықтарға алғыс айтты

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы жарылыста көмек көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтты, деп жазады Қазақпарат.

«Осыдан екі жарым ай бұрын Арыс қаласында болған жарылыстың елімізге қаншалықты ауыр тигенін жақсы білесіздер. Бұл төтенше оқиға тек Қазақстанның тұрғындарын ғана алаңдатып қойған жоқ. Алыс-жақын елдер де ниеттестік білдіріп, шынайы қолдау көрсетті. Халқымыз біртұтас ел болып, Арыс тұрғындарына қол ұшын берді. Әрбір облыс бұл қаланы қалпына келтіру жұмысына белсенді түрде атсалысты. 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен елдің рухы түскен жоқ. Әрине, ең өкініштісі жарылыс салдарынан бірнеше азаматымыз қаза тапты. Біз қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса білдік», - деді Мемлекет басшысы Ақордада Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқандарды марапаттау рәсімінде.

Президент қиындыққа қарамай тұтас бір қаланың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруді нағыз ерлік деп атады.

«Бұл бар-жоғы екі сағаттың ішінде жүзеге асты. Біздің тарихымызда бұндай жағдай болған емес. Қаланы көшіру туралы дер кезінде шешім қабылдаудың арқасында қауіп-қатердің алдын алдық. Қарапайым еңбек адамдары сын сағатта сабыр сақтап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті(...) Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген және паналатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрскен дәрігерлерге алғыс айтамын. Дәл осындай төтенше жағдайда азаматтарымыз бір адамдай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етті. Бұл біздің халқымызға тән ерекше мейірім мен қайырымдылық, парасаттылық деп білемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Арысты қалпына келтіруге 10 мың адам, 250 компания және 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта нысандардың 97% жөндеу жұмыстары аяқталды.