Қазақстанның бірнеше қаласында жаңа әскери қалашықтар салынып жатыр

0
61

Алты қалада жаңа нысандар салынып, тағы жетеуі жөнделеді.


Қазақстанның бірнеше қаласында жаңа әскери қалашықтар салынып жатыр

Фото: ҚР Ұлттық ұланы телеграм

ERNUR.KZ. Қазақстанда Ұлттық ұланның әскери инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Алматы, Түркістан және Жезқазған қалаларында әскери қалашықтар, ал Орал, Қызылорда және Атырауда казармалар салынуда.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұдан бөлек тағы жеті нысанды күрделі жөндеуден өткізу бойынша келісімшарттар жасалған.

Жаңа әскери қалашықтарда әкімшілік ғимараттар, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлер, әскери техника тұрақтары мен қоймалар салынады. Бұл нысандар жеке құрамның тұруына және қызметтік міндеттерін орындауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Құрылыс жұмыстары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің бақылауында. Жоспарға сәйкес, Алматы мен Түркістандағы әскери қалашықтарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Сонымен қатар Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында мәдени-демалыс орталығы мен бассейні бар спорт кешені салынып жатыр. Жаңа нысандар курсанттардың дене даярлығын жетілдіруге және спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Әскери инфрақұрылымды жаңарту Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.