Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянмен кездесті

0
774

Тоқаев БАӘ халқына ел президентінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянмен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президенті шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты осы елдің жаңадан сайланған президенті, Абу Дабидің билеушісі шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянға және билеуші әулеттің мүшелері мен Әмірліктер халқына көңіл айту үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне келді. Көшбасшылардың кездесуі Абу Дабидегі Қасру-л Мушриф Президент сарайында өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, шейх Халифаның елді өркендету жолындағы ерен еңбегін атап өтті.

"Әмірліктердің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі көптеген жетістігі шейх Халифаның есімімен байланысты. Оның дана басшылығымен БАӘ Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың күшті жақтаушысы болды, сонымен қатар бүкіл араб әлемі үшін қарқынды экономикалық өсу мен әлеуметтік дамудың үлгісі болды. Сондықтан біз оның қайтыс болуын БАӘ үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін орасан зор қайғы деп қабылдаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.