Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ делегациясын қабылдады

0
568

Қасым-Жомарт ТоқаевТоқаев Брюссельге сапармен барады. Қазақстан президентінің Брюссельге алдағы сапары екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды кезең болады, деді Еуропа Одағының арнаулы өкілі.


Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ делегациясын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақтың арнаулы өкілі Имон Гилмор мен Орталық Азия бойынша өкілі Тери Хакаланы қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық аясындағы өзара іс-қимылдардың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланып, аймақтық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Еуропалық Одақ делегациясына еліміздегі саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы айтты.

"Имон Гилмор Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың деңгейін жоғары бағалап, серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында байланыстарды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті", - делінген хабарламада.

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа Одағы арнаулы өкілінің айтуынша, Қазақстан президентінің Брюссельге алдағы сапары екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды кезең болады.

Еуропалық Одақ делегациясы БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі Миссиясының офисін Алматыға орналастыру және ауған студенттеріне көмек көрсету туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін ерекше атап өтіп, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты Қазақстан президентінің аймақтағы көшбасшылығын қолдады.

Имон Гилмор мен Тери Хакала президентке ертең Алматы қаласында өтетін "Орталық Азия – Еуропа Одағы" азаматтық форумына Брюссельдің атынан қатысатынын жеткізді.