Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

0
528

Бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімдерге келді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.

Орден табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Дохада өткен кездесуде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі елдің өзара байланысы одан сайын дамып келе жатқанын атап өтті.

«Жалпы, Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Мен мұны бүгін шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімдерге келді.

«Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.