Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастады.
ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті, - деп жазады Тengrinews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастағанының символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағанына ризашылығын білдірді.
"Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз - жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз - сол келісімдерді жүзеге асыру", - деді Қазақстан Президенті.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан әрі де екі елдің қарым-қатынастарының нығая түсетініне сенім білдірді.
Тараптар алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібі бойынша пікір алмасты.