Қателескендерін түсінді: Қазақстанда вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау ұсынылды

0
474

Жалған құжат жасатқандар өлім-жітім жағдайларының көбеюіне байланысты қателескендерін түсінді және вакцинация арқылы нақты иммунизация алғысы келеді. Бірақ олар мұны істей алмайды, өйткені базада вакцина салдырған есебінде тұр.


Қателескендерін түсінді: Қазақстанда вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау ұсынылды

ERNUR.KZ. Пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штаб елде вакцина төлқұжаттарын сатып алғандарға "рақымшылық жасау" бастамасын көтерді, деп жазады nur.kz.

Коронавирус пандемиясымен күрес бойынша "Ел үшін егілемін" азаматтық штабының хабарлауынша, азаматтар вакцинация паспортын вакцина туралы толыққанды ақпарат алмағандықтан немесе вакцинадан қорыққандықтан сатып алғанын мойындаған.

"Көптеген азамат қолда бар вакциналар туралы ақпаратты зерделеу барысында, сондай-ақ өз ортасында коронавирустың ауыр түрін жұқтырғандар мен өлім-жітім жағдайларының көбеюіне байланысты қателескендерін түсінді және вакцинация арқылы нақты иммунизация алғысы келді. Бірақ олар мұны істей алмайды, өйткені базада вакцина салдырған есебінде тұр. Оларда коронавирустың ауыр түрімен ауыру қаупі бар", - деді штаб.

Осы ретте, штаб вакцинация паспортын сатып алса да, қатесін түзеткісі келетін азаматтарға рақымшылық жасауды ұсынды.

Штабтың дерегінше, мұндай қазақстандықтар жазаланбай-ақ, екпе егу пунктеріне барып, қолжетімді вакцинаны салдыра алады. Алайда мұндай жағдайда әділдік сақталуы үшін вакцинаны ақылы ету керек.

"Біз қандай да бір себептермен вакцинация паспортын вакцина процедурасынан өтпей-ақ алғандарды емханаға келіп, қолда бар вакцинаның бірін салдыруға шақырамыз. Мұны сіз өзіңіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтау үшін және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін істейтініңізді түсіну маңызды. Вакцинасыз өлімді қоса алғанда, коронавирустың ауыр зардаптарынан қорғалмағансыз", - деді профессор Вячеслав Локшин.